Саяси қуғын-сүргін құрбандары: Алматыда көрме ашылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тегін көрмені қала тұрғындары 14 маусымға дейін тамашалай алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын Алматы музейіне жиылған қауым да еске алды. «Азалы тарихқа айрықша тағзым» деген атаумен ұйымдастырылған іс-шараға қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, мұражай қызметкерлері және білімгерлер қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тарихшылар жастарға елі үшін тер төгіп, қан кешкен қазақ зиялыларының ерлігін, еңбегін дәріптеп, тың деректерді бөлісті. Өткенге салауат айтып, тарихтан сабақ алу қажет екенін түсіндірді. Аға буынның сөзінше,  өскелең ұрпақты рухани азықтандырып қана қоймай, Алаш арыстарының ізін басатындай өр тұлға етіп тәрбиелеу үшін жиынның дәстүрлі түрде өткізу керек.

– Адам бойындағы рух, жігер, ұлттық болмыс, намыс деген дүние тарихты біліп, оны құрметтей алғанда жандана түседі. Сондықтан іс-шараларды дәстүрлі түрде өткізудің маңызы зор, – деді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Арман Жұмаділ.

Айта кетейік, іс-шара Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына 130 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған көрмеде үш бәйтерекке тиесілі мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен сол жылдарға тән заттай айғақтар қойылды. Бұдан бөлек, музей қорында Тұрар Рысқұлов пен Темірбек Жүргеновтің тергеу ісі құжаттары, Мансұр Ғатаулиннің кілемшесі мен пеналы, Сұлтанбек Қожановтың қойын дәптері, сондай-ақ АЛЖИР-де отырған әйелдердің қолдан жасаған бұйымдары бар. Тегін көрмені қала тұрғындары 14 маусымға дейін тамашалай алады.

Оқи отырыңыз: Алматыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Новости партнеров