Балабақшадағы былық: ата-аналар балалар өміріне қауіпті тігін цехының жұмысына наразы

 Almaty.tv
Almaty.tv
Мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндерге тамақ жөнді берілмейтін көрінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Балабақша аумағында жұмыс істейтін тігін цехы балалар өміріне қауіпті деген ата-ана арнамызға шағым айтты, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Алматының Бостандық ауданына қарасты мектепке дейінгі мекемеде бүлдіршіндерге тамақ та жөнді берілмейтін көрінеді. «Нәрі, дәмі жоқ ас балаларымызға ауқат болмайды» деген ата-аналар жекеменшік балабақшаның жұмысына разы емес. Даудың басы балабақшаға төленетін ақының көтерілуінен туындаған. Алты ай сайын аспандаған бағаға қызмет сапасы сай емес көрінеді.  

– Бір бананды төрт балаға бөліп береді. Суретке кефирді түсіріп жібереді, оны балаға бермейді. Себебін сұрасақ, «ақшаңызды көтерсеңіз, жағдай жасаймыз» деп қарап тұр, – деді ата-ана Сымбат Мұхамедиярова.

–Төлем әр жарты жыл сайын көтеріледі. Былтыр қыркүйекке дейін 70 мың төлеп жүрдік, оған қоса әр үйірмеге 13 мың теңгені бөлек бердік. Қазан айында баға 80 мың теңге болды, үнсіз келістік. Таэквондо өткізілмеді, хореографияны балалар музыка сабағымен қатар өтіпті. Енді баға 100 мың теңге болады дейді. Бұл не сұмдық? – деді ата-ана Кристина Ғабитова.

Балабақша әкімшілігі «күн санап коммуналдық қызмет пен ғимаратты жалға алу құны артқан соң, біз де осылай істеуге мәжбүрміз» дейді. Ал бұған дейін әр секцияға бөлек 13 мың төленсе, жаңа бекітілген сомада барлық үйірме біріктірілмек. Яғни, 106 мың теңгеге негізгі қызмет те, қосымша үйірме де қосылады.

– Біріншіден, балаларымызға берілетін тамаққа көңіліміз толмайды. Түрін көрдіңіздер ғой, қайтіп қарның тояды? Екіншіден, төсек жапқыштардың сапасы жоқ. Былтыр балабақшадағы төсектен қандала табылғаны тағы бар. Төсек жаймалары жиі ауыстырылмайды, матасы талапқа сай емес. Осының бәрін айтып, өткен аптада шу шығардық. Балабақша аумағында заңсыз жұмыс істеп жатқан тігін цехының барын сол кезде анықтадық, – деді ата-ана Олеся Нам.

Наразылыққа себеп болған әуелгі тақырып та осы еді. Ата-аналар ине-жіп бір баланың қолына ілігіп, қайғыға ұшыраймыз ба деп алаңдайды. Олар тігінхананың заңсыз жұмыс істейтінін алға тартып отыр. Бұл тұста біз балабақшаға кіріп, аталған аумақты көрдік. Әкімшілік мұнда тек мекемеге қажетті дүниенің дайындалатынын жеткізді.

«Тігінхананың қызметі заңды, бір ғана тігінші бар, оған жалақы төленеді» деген меңгеруші әр ата-анаға о баста балабақшаның бұрыш-бұрышын көрсетіп, ғимаратты таныстырып шыққанын айтты. Ата-аналар бұған дейін балабақшаның бір бөлмесін әктеген. Олардың айтуынша, тәрбиеші талап еткен.

– Біз қаражатты өзіміз шығарып, жұмысшы жалдап, демалыс күндері жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ал мына жағдайды білген жоқпыз. Ол тәрбиеші жұмыстан шығарылды, – деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Венера Садырова.

Алматының орталығындағы жекеменшік балабақшада қазір 206 бала тіркелген. Бас-аяғы 27 тәрбиеші бар. Коммерциялық нысан болғанымен, мемлекеттік бағдарлама аясында жартылай қаржыландырылады. Сөзімізге тұздық болсын, алдағы уақытта жергілікті билік аталған мектепке дейінгі мекеменің қызметіне тексеріс жүргізбек.

Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бостандық ауданында мемлекеттік балабақша ашылды

Новости партнеров