Үкімімен келіспеймін: автобус жүргізушісі апелляциялық сотқа жүгінбек

24.07.2023 23:53

Өткен жылы 2 автобус соғысып, салдарынан жолаушылар көліктен ұшып кеткен еді

elements.envato.com

Алматыда ірі жол апатын жасаған автобус жүргізушісі 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абылай хан көшесінің бойымен оңтүстік бағытта жүйткіп келе жатқан №98 автобус Төле би көшесімен қиылыста жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп,  №201 автобуспен соқтығысады. Қатты соққының салдарынан көліктегі жолаушылар ұшып кеткен еді. Бір адам қоғамдық көліктің астында қалып, алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапса, 2 азамат түрлі дене жарақатын алған болатын. Бүгін бірнеше ай қаралған іске нүкте қойылды. Ережені егжей-тегжейлі қарадық деген судья жүргізушіні 2,5 жылға соттады.

– Видео жазбаларда сотталушы Әбсадықовтың рұқсат етілмеген сары түске тоқтау мүмкіндігі бола тұра бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, қиылысқа қойылған шектеуден өтіп кетуі негізге алынды. Жол ережесі кодексінің 13-бабы да ескерілді, – деді Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов.

Сотталушы Алмалы ауданының сотынан өзін ақтауды сұрап еді. Алайда, сот оны абайсызда адам өліміне әкелген жол апатына кінәлі деп тапты. Оған қоса 5 жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Сондай-ақ соттың шешімімен барлық жәбірленушінің пайдасына 2 миллион теңгеден өтейтін болды. Алайда айыпталушының өзі де, жақындары да үкіммен келіспейтінін айтады.

– Мен келісер едім екі жақты бірдей айыптаса. Бұл жерде таза бұрмалаушылық болып тұр деп есептеймін. Басқа ештеңе айта алмаймын. Бұл жерде адам қаққан адамды айыптап тұрған жоқ, заң бұзып тұрған адамды айыптап тұрған жоқ, – деді сотталушы Абдул-Хади Әбсадықов.

– Аппеляцияға міндетті түрде беремін. Мен ол адамды, Абдуллаевты зейнет жасындағы адам ұйықтап отырып бір қазақты басып өлтіріп кетті. Тайраңдап мен ол адамды жүргізіп қоймаймын. Сарыға өткені үшін менің жолдасым жазалануы керек болса, бүкіл Қазақстан сарыдан өтеді, бүкіл Қазақстанды жазалау керек. Сол әділеттілік па? – дед А. Әбсадықовтың жұбайы Гүлзира Полатбекова.

Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті қызметкерлері жол-көлік оқиғасының сызбасын жасап, оқиға орнындағы бейнебақылау жазбасына талдау жүргізген. Айта кетейік, бір адамның өліміне әкелген жол апаты былтыр қараша айында болған еді.

 

Гүлмарал Изатқызы, Дияс Махамбетов, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Алматыда ірі жол апатын жасаған автобус жүргізушісіне сот үкімі шыққанын, еске салайық