Алматының индустриалды аймағында 4 ірі кәсіпорын іске қосылмақ

Алматының индустриалды аймағында 4 ірі кәсіпорын іске қосылмақ
Алатау ауданында құрылған индустриалды аймақтың жалпы аумағы 490 гектарды құрайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атап айтқанда, үлкен диаметрлі құбыр шығаратын зауыт, ет өңдейтін цех және көлік құрастыратын алып зауыт өз жұмыстарын бастамақ. Ал келесі жылы тағы да 10 зауыт салынады. Оған қоса, қазір 3 аты әлемге әйгілі шетелдік компания жер телімін алуға ниет білдіріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Алматыдағы индустриалды аймақта алғаш болып ашылған кәсіпорындардың бірі. Отандық қағаз пакет өндіретін мекеме нарықта 2006 жылдан бері бар. Айына 1 миллионнан астам тауар өндіреді. 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, осында көшкелі бері жағдай түзелген. Қосымша қос станок та сатып алыныпты.

Алматыда осыдан 3 жыл бұрын іске қосылған индустриалды аймақта қазір 6 зауыт тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Жалпы 2021 жылға дейін әр түрлі саладағы 39 жоба сәтті жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Мына құрылысқа қажетті құрғақ қоспаларды салуға арналған қағаз пакет шығаратын цех 2018 жылы салынған. Содан бері жұмыс алға баспаса, тұралап қалған жоқ дейді кәсіпорын өкілдері. Қайта жалға құн төлеп, артық шығын шығармаймыз дейді.

«Бұрынғы жерде біреудің жерін жалдап кеткенше, қазір өзіміздің зауыт, бүкіл жағдайлар жасалған. Жылу жүйесі, су құбыры, бүкіл жағдай жасалған. Әрине, бұл жерде жұмыс жасау өте ыңғайлы. Құрғақ құрылыс қоспаларына арналған қап шығарамыз. 25 келіден 50 кг дейін. Бүкіл құрылысқа арналған», – деді кәсіпорынның бас операторы  КЕНЖЕ ҚУАНЫШБАЕВ

Ал жыл соңына дейін мына жерде құрылысқа қажетті кірпіш шығаратын зауыт іске қосылады. Жалпы компанияның еліміздің екі қаласында жеке зауыты бар. Дегенмен, Алматыдағы индустриалды аймақта кәсіпкерлерге жасалған тиімді жағдай оларды осыннан тағы бір кәсіпорын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Зауыт жыл соңына дейін салынып бітеді.

«Мұнда 14 бөліктен тұратын алып зауыт болады. Біздің отандық өнім жылуды жақсы ұстайды, сапасы керемет. Сейсмикалық тұрғыдан алсақ та, өте төзімді келеді. Қаладағы көптеген тұрғын үй кешендері осы кірпіштен салынды. Зауыт қосылғанда 200 шақты адамды жұмыспен қамтимыз. Тауар өндіру қуаттылығына келсек, тәулігіне 1 мың текше метр кірпіш өндіруді көздейміз», – деді кәсіпорынның сату жөніндегі директоры Ермек ҚУАНЫШЕВ.

Алатау ауданында құрылған индустриалды аймақтың жалпы аумағы 490 гектарды құрайды. Ал кәсіпорын ашуға 192 гектар жер бөлінсе, оның 96 гектардай бөлігі игерілмей бос жатыр. Іске қосылғалы бері тартылған инвестиция көлемі 150 миллиард теңге. Оның қатарында, шетелдік компаниялардың да үлесі бар. Жұмыспен 5230 адам қамтылған. Жүзеге асқан жобалардың қатарында тор мен панель шығаратын зауыт, жылыжай бар. Ал индустриалдық аймақ басшылығы, қала экономикасына қосар үлесі мол деп отыр.

«Біріншіден, бос жұмыс орнын береді. Инвестиция тартуға септеседі. Оның қатарында, шетелдік инвестиция да бар. Уақытылы түсетін салық түсімін қосыңыз. Жаңа кәсіпорынды ашуға көмектеседі. Барынша, импорттың көлемін азайтып, отандық өнімді өндіруге септеседі. Бұл индустриалды аймақтың пайдасы ғана бар дегенді білдіреді», – деді «Алматы-индустриалды аймағы» ЖШС бөлім жетекшісі Тимофей МУНАРЕВ.

Айта кетейік, индустриалды аймақта 6 сала бойынша кәсіпорын ашуға болады. Ниет білдірген компанияларға мемлекеттен барлық коммунакация тартылған жер телімі тиімді шарттармен жалға беріледі. Құжат жасауға да қала әкімдігі септеседі.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров