Атырауда 10 жастағы бала суға батып кетті

15.07.2024 23:55

Орталық жүзу бассейні уақытша жұмысын тоқтатты

Almaty.tv

Атырауда 10 жастағы бала «Мұнайшы» орталық жүзу бассейінде суға батып кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қайғылы оқиға кеше сағат 16:00 шамасында болған. Әпкесімен шомылуға келген қыз абайсызда тереңдігі 2,5 метр бассейнге батып кеткен. Құтқарушылар алғашқы көмек көрсеткенімен, бала оқиға орнында көз жұмған. Куәгерлердің айтуынша, әу баста 10 жастағы жеткіншек әпкесімен бірге балаларға арналған шомылу бассейіне түскен. Содан соң, үлкендерге арналған орынға келген. Оның көп су жұтып қойғандықтан, бір жақ беті құрысып қалған.

– Әпкесі 10 секунд артқа қарағанда бала су жұтып қойған. Құтқарушылар қыздың жағы құрысып қалғандықтан, көмек көрсете алмады. Баланы медициналық бөлімшеге апарған, – деді куәгер Ернұр Рызабекұлы.

Орталық жүзу бассейні уақытша жұмысын тоқтатты. Мұнда 10-нан аса бейнебақылау камерсы орнатылған, барлық жерде қауіпсіздік ережелері қатаң сақталған. Әрі 3 құтқарушы хауызды бақылап отырады. Мұндай жағдай алғаш рет болғандықтан, әкімшілік қызметкерлері де аң-таң.

– Кешегі жағдай алғаш рет болып тұр. Балалар ересектермен бірге келген. Оларға билет кіші бассейнге сатылды. Алайда бала үлкен бассейнге кіріп кеткен. Бізде қауіпсіздік талаптары қатаң сақталған, құтқарушылар да алысқа кетпейтін. Мұндай жағдайдың қалай лезде болғанын аңғармадық, – деді орталық бассейннің қауіпсіздік қызметкері Құдайберген Муликов.

Полиция бас-аяғы 7 адамды тергеп жатыр. Жағдайға байланысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, мән-жайы анықталуда. Жантүршігерлік оқиғадан кейін қаладағы барлық жүзу орындарына тексеріс жүргізілмек.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Бала өлімі: балабақша директоры мен тәрбиешісі үйқамаққа алынды