Биыл 60-тан аса жаңа техника сатып алынды
Биыл Жетісулық шаруалар қызылша алқабын 12 мың гектардан асырған. Өңірде өнім де мол болады деп күтіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаруалардың айтуынша, қант қызылшасын өсірудің шығыны көп. Дән себілгеннен бастап жерді тыңайту, арамшөбін жұлу мен суару жұмыстары уақытылы жүргізілуі тиіс. Ал оған қыруар қаржы жұмсалады. Шыққан шығын ақталу үшін әр гектардан кем дегенде 500 центнерден өнім алу қажеттігі тағы бар. Аталған мақсат орындалуы үшін диқандар қол еңбегінен бөлек, ғалымдардың көмегіне жүгініп, жаңа технологияларды енгізуге кіріскен.
– Ғылыми зерттеулермен жұмыс істеген негізі өте пайдалы деп есептеймін. Қазіргі кездегі алып жатқан өнім, жеткен жетістік тікелей ғылымға байланысты деп ойлаймын, – деді шаруашылық агрономы Бекзат Османов.
Мол өнім алу үшін алдымен сапалы тұқым болуы керек. Шаруалар бұған дейін шетелдік сұрыптармен қатар, отандық тұқымның да бірнеше түрін сеуіпті. Айта кетейік, биыл облыста қызылша алқабы 12 мың гектардан асқан. Одан 550 мың тонна тәтті түбір алу жоспарланыпты. Мәселен бір ғана Көксу ауданында дақылды дұрыс күтіп-баптаудың арқасында қазірдің өзінде қызылшаның салмағын 200 граммға жеткізген шаруалар бар. Олар егістіктегі оң тәжірибені бөлісу үшін егінжай күнін өткізді.
– Біздің мақсатымыз – облыста өндірілетін негізгі дақылдарды ғылыми жетістіктермен озық технологияларды қолданып өнімділігін арттыру. Атап айтқанда бірінші кезекте қант қызылшасы тұр, содан кейін майбұршақ,сонымен қатар дәндік жүгері, арпа дақылынаосы технологияны қолданып отырмыз, – деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.
Диқандарға техниканың жетіспеушілігі қолбайлау болатын. Бұл мәселе де біртіндеп шешім тауып келеді. Биыл қосымша 8 сервистік дайындау орталығы құрылып, 60-тан аса жаңа техника сатып алынған. Жан-жақты жұмыс нәтижесінде шаруалар өңірдегі қызылша алқабын 15 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мақсат 2026 жылға дейін жүзеге асуы керек.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» арнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Өнім қурап қалды: Ақтауда бағбандар дабыл қақты