Алматыдағы жер сілкінісінен ғимараттарға келген зақымды анықтау үшін құрылған комиссия жұмысын жалғастырып жатыр. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының мәлімдеуінше, шаһарда көп нысан аса қатты бүлінбеген, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тек кейбір тұрғын үйл мен әлеуметтік мекемелердің төбесі, қабырғалары мен қасбеттері үгітілген. Алайда бұл тірек конструкцияларының бұзылуына жатпайды. Қазіргі уақытта уәкілетті органдардың құрамымен жұмыс топтары құрылған. Егер зақымдану анықталса, сараптамалық ұйымдар сейсмикалық тексеру жүргізу үшін нысандардың тізімін тиісті басқармаларға жібереді. Соның нәтижесінде барлық қажетті шара қабылданбақ.
– Визуалды тексеріс кезінде нысанның қандай екенін, қандай ғимарат, оның неден жасалғаны туралы ақпарат жинаймыз. Ал сейсмикалық институттың мамандары қосымша жұмыстарды атқара отырып, ғимараттың қирауы мүмкін болса, нақты қорытынды береді, – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Сембаев.
Айта кетейік, қаңтардағы жер сілкінісінен кейін қалалық әкімдікке қабырғаларда жарық пайда болды деп 188 өтініш түскен. Оның 70-і көпқабатты тұрғын үйлерге қатысты. Ал 25 нысан аса қауіпті деп танылған. Енді жоспарлау және урбанистика басқармасының өкілдері барлық тексеруге нүкте қоятын сараптама қорытындысын күтіп отыр. Нәтиже шыққан соң, кондоминимум объектісі саналатын тұрғын үйдің қабырға жарықтары ПИК есебінен жөнделеді. Ал әкімдік бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымға жататын нысандарды қалпына келтірмек.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов ТЖМ-ге сейсмологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды