|
05.03.2024 | 18:36
4069

Қар ерісе, су астында қаламыз: Петропавл тұрғындары әкімдік жұмысын сынады

Қаладан 800 мың куб метр қар шығарылған

Қар ерісе, су астында қаламыз: Петропавл тұрғындары әкімдік жұмысын сынады Almaty.tv

«Қыстай тазаланбаған қар ерісе, су астында қаламыз». Әкімдіктің жұмысын сынаған Петропавлдағы Косогор шағынауданының жұрты бүгін осындай уәжін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Олардың айтуынша, қар күреу жұмысына салғырт қараған жауаптылар істі басқалардың тындыруына да мүмкіндік бермейді екен. Даланы жинауға шыққандарға айыппұл салған көрінеді.

Косогорда қар көптен бері күрелмеген. Наталья мен оның мүгедек күйеуі «арықтың жоқтығынан еріген су үйді басады» деп алаңдайды. Ерлі-зайыптылардың айтуынша, былтыр тура сондай жағдай болған.  

– Күйеуім мүгедек. Адамдар қарды шамасы жеткен жерге дейін күрейді. Біреулер сайға, екіншісі далаға шығарады. Ертең ол ерісе не болмақ? Суды сормаса, аулаға ағады. Қора-жайымыз батып кетуі мүмкін. Осы қарды кезінде ешкім тазаламады, – деді қала тұрғыны Наталья Богданович.

Тұрғындар «ешкімге жалынбай, өзіміз-ақ тазалайын десек, айыппұл салуы мүмкін» дейді. Шағынауданда 7 жылдан бері тұратын Леонидтің айтуынша, бұл биыл ғана пайда болған мәселе емес.

– Не жиналмайды, не тазалауға мүмкіндік жоқ. Ауламызды тазалап, жол ашып қана қойдық. Одан ары тасып, басқа жаққа апарсақ айыппұл салады. Жауаптылар ісіне салғырт қарайды. Тазалаймыз деген, бірақ қашан бастайтыны белгісіз, – деді қала тұрғыны Леонид Денисенко.

Ал әкімдіктегілердің айтуынша, тұрғындардың қарды жазыққа шығаруына шектеу жоқ. Бірақ ол үшін рұқсат алу керек. Ал айыппұлды полицейлер салатын көрінеді.

– Қала тұрғындарына және бизнес субъекттері үшін дамбадағы полигонда қар шығару қарастырылған. Ол үшін қандай техника қолданатыны туралы ақпарат беруі керек. Содан кейін олар жазыққа кедергісіз өте алады, – деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.

Дерек бойынша, Петропавлдан қарашадан бастап жалпы 800 мың куб метр қар шығарылған. Ол ерігенге дейін 228 шақырымдық арықтың 70 километрі тазаланыпты. Өңірде Косогорды ғана емес, бірнеше шағынауданды су басу қауіпі бар.

Оразай Нұртайұлы, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қарағанды облысының тұрғындары екі күннен бері жылусыз отыр

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир