|
18.09.2019 | 18:57
2318

Алматылық оқушылар қаладағы киелі жерлерді аралады

Экскурсия 25 қыркүйекке дейін жалғасады

Алматылық оқушылар қаладағы киелі жерлерді аралады

Шара «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылған. Мыңдаған жасөспірім 8 күн ішінде алып шаһардағы қасиетті орындармен біртіндеп танысып шығады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.  

Алматылық бір топ оқушы алдымен Дінмұхамед Қонаевтың пәтер-музейіне барды. Бүгінде мұнда анықтамалық және көркем әдебиеттер, авторлардың жекелей қолтаңбасы жазылған кітаптары бар. Кітапханадағы еңбектер саны 5 мыңнан асады. Одан бөлек, ел басқарған азаматтың көзі тірісінде пайдаланған заттары да сақтаулы. Белгілі қоғам қайраткері бұл пәтерде 1969 және 1993 жылдар аралығында тұрған екен.  

Жеткіншектер Киелі Вознесен кафедралы соборына, 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына да барды, одан кейін Райымбек батыр кесенесімен танысты.

Аңыз бойынша Райымбек батыр қартайған шағында жанындағыларға өзін қайтыс болған кезде, ақ киізге орап, ақ түйеге артып жіберіңдер дейді. Киелі жануар қай жерге барып шөксе, сол орынға жерлеңдер деп бұйырады. Бота дәл осы орынды таңдапты. Содан бері мұнда адамдар келіп, ата-бабаларына құран бағыштайды.  

«Райымбек бабамыздың сүйегі жатқан жерге 1981 жылы мәрмәр тастан ескерткіш орнатылған болса, 1991 жылы Ташкентский көшесінің атауы Райымбек даңғылы болып өзгерді. Ал 1994 жылы осы тарихи этнографиялық қоғамның ұйымдастыруымен осы үлкен мавзолей тұрғызылды. 2018 жылдан бастап бұл жер мемлекет қарамағына өтіп, Алматы қаласы мәдениет басқармасы музейлер бірлестігіне еніп, Райымбек батыр музей кешені болып өзгертілді», – дейді «Райымбек батыр» музей кешенінің жетекшісі Ержан ТОҚТАР.

Оқушыларды қаланың қасиетті орындарымен таныстыру, нысанның ерекшелігі мен білімдерін толықтыру «Қазақстанның қасиетті географиясы» арнайы жобасы аясында іске асырылып жатыр. Туған жерді сүю, патриоттық тәлім-тәрбие қалыптастыру бағытында үлкен сабақ алуды «Рухани Жаңғыру» жобалық кеңсесі қолға алған.

«Алматыда 15 сакралды нысан бар. Соның ішінде 6-ының республикалық маңызы болса, бар 9 ескерткіштің жергілікті маңызы бар. Олардың қатарына Райымбек батыр кесенесі, Тәуелсіздік монументі, Желтоқсан оқиғасының 20 жылдығына орай орнатылған Тәуелсіздік таңы, Боралдай сақ қорғаны енген», – дейді Алматы қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің менеджері Раушан ҚАСЫМОВА.

«Біз бір-ақ жерге барған жоқпыз, көп жерді араладық. Мұғалімдер бәрін түсінікті айтты. Бұрын кітіптан ғана оқыған жерлерді енді көзбен көрдік, ал ол жақсы екен», – дейді оқушылардың бірі Әмина АСАНБЕК.

«Маған 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы ұнады. Бұл жер де ұнап жатыр. Өйткені тыныш және әдемі», – деді Жұлдыз-Ай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА.

Экскурсия 25 қыркүйекке дейін жалғасады. Жалпы шара барысында мыңнан астам жеткіншек қамтылмақ.

Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир