Егер халық санитарлық ережелерді сақтамайтын болса, карантин режимі қайта күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін онлайн-конференцияда Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала басшысы қазіргі жағдайға тоқталып, алдағы жүзеге асуы тиіс жоспарларды жіпке тізді. 2 сағат бойы журналистердің сұрақтарына жауап берген шаhар басшысы, эпедимиологиялық жағдай, әлеуметтік қолдау мен экономиканы дамыту мәселелеріне де тоқталды.
Бүгін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, қаланың тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жайын айтып, онлайн-конференция өткізді. Алдымен, қала басшысы маскалық режим және карантин шараларын сақтау жайына тоқталды. Әкім тұрғындар міндетті түрде маска киюі тиіс деді. Ал, медициналық маскасыз қоғамдық көлікке, дүкенге, дәріханаға кіруге тыйым салынады. Тіпті жағдайды бақылау үшін мобильді топ құрылған. Олар халық көп жүретін жерлерді аралап, карантин талаптарын сақтамағандарды анықтайды. Бірнеше күннің ішінде азық-түлік дүкендеріне 69, қоғамдық тамақтану орнына 2 әкімшілік хаттама толтырып, іс сотқа жолданған.
«Алла да сақтансаң, сақтаймын деп айтқан ғой. Сол себепті бетпердені киіп жүру маңызды. Өйткені вирустың жылдамдықпенен таралатынын біз көріп отырмыз. Бір жерде тұрған адамдар бірден бір-біріне жұқтырып алып жатыр. Өзіңізді қорғау үшін, өзіңіздің төңірегіңізді қорғау үшін, туған-туысыңызды қорғау үшін масканы киіп жүруі қажет. Бүгінгі күннің талабы да сол. Ол нормаға айналуы керек. Қайда болса да, жұмыс болсын, далада болсын, масканы киіп жүру керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Дүйім ел қарапайым талаптарға немқұрайлы қараса, қала билігі карантин режимін қайта күшейтуі мүмкін. Мұндай қадамға баруға халықтың қауіпті індеттен қорғанбауы себеп. Мәселен, төтенше жағдай кезінде халық шынында да ережелерге құлақ асқан. Олар үйден шықпай, тазалық шараларын сақтады. Оны көліктердің санынан-ақ білуге болады деді әкім.
«Масканы тағып жүрмейтін болсақ, әлеуметтік қашықтықты сақтамайтын болсақ, ашық жарқын жүретін болсақ, ештеңеге қарамай, ойланбай жүретін болсақ, онда ертең бүгінгі күннен де жағдай қиын болып кетуі мүмкін. Наурыз мерекесінен кейін біздің қалада 35 мың автокөлік жүріп тұрды. Ал карантинге дейін қаланың өзінің 500 мың көлігі, облыстан 250 мың келетін. Барлығы 750 мың көлік жүретін», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал, індетке қарсы жаппай тестілеу жүргізу Алматыда жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді деген қала әкімі эпидемиологиялық жағдайға да тоқталды. Бүгінде қалада 150 мыңға жуық тест жасалған. Оның 124 мыңға жуығы ПТР, ал 26 мыңы экспресс әдіс арқылы тексерілген. Қазіргі таңда қорда 33 мың 633 ПТР және 6961 экрпесс тесті бар. Сондай-ақ, зертханалардың саны екіден алтыға өсті. Одан бөлек қос жылжымалы пункт ашылды.
«Қазіргі таңда күніне 2400 тест алатын күшіміз бар. Жақын күндері бұл деңгейді өсіріп, қарқынды одан ары арттырамыз. Өзімізге сондай мақсат қойдық. Қорда жеткілікті мөлшерде тест бар. Алдын алу үшін өткізілетін скринингтер көп көмегін тигізді. Бұл ауруды жылдам анықтауға, онымен күресті ерте кезден бастауға мүмкіндік туғызды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қала әкімі халықты әлеуметтік қолдау жайында да сөз қозғады. Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған 441 мыңнан аса адам 42 500 теңгеге қол жеткізді. Жалпы төлемді алуға 898 мың өтініш жасалған. Сондай-ақ, аз қамтылған, осал топтарға коммуналдық төлемдерге 15 мың теңгеден беру қолға алынды. Оған түскен 198 мың өтінімнің 30 мыңы мақұлданған. Бұл 456 миллион теңге. Ал, қалған 119 мыңы тиісті құжаттарын өткізсе, оларға да төлем жасалатын болады.
«Мұндай кезде халықтың осал тобына қолдау көрсету маңызды жұмыстардың бірі. «Біргеміз» қоры мұқтаж жандарға бір реттік төлем жасады, Көлемі 50 мың теңге болатын қаржы қолдарына түсті. 2,6 миллиард теңгеге 52 мың адамға қаржы жіберілді. Азық-түлік себеттері табысталды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қалада экономиканы қайта қалыпқа келтіру үшін кешенді жоспар құрғанын айтты. Басты мақсат – жұмыс орындарын сақтау, жаңа салаларды меңгеру және көлеңкелі бизнеске жол бермеу. Қала билігі қашан да халықты қолдауға ниетті екенін айтады.
Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы