|
07.08.2020 | 18:58
5946

Карантинге жабылдық: Наурызбай ауданында карантин талаптарын өрескел бұзған демалыс орны әшкереленді

Қарғалы ықшам ауданындағы мына аквапаркте 60 шақты адамның демалып жатқаны анықталды

Карантинге жабылдық: Наурызбай ауданында карантин талаптарын өрескел бұзған демалыс орны әшкереленді polisia.kz

Наурызбай ауданында карантин талаптарын өрескел бұзған демалыс орны әшкереленді. Бассейн сыртында «құрылыс жұмыстары жүріп жатыр», «карантинге жабылдық» деп жазып, демалушыларды жасырын қабылдап келген. Қала маңында бейқам көңіл көтергендер қанша төлейді? Мекеме басшысы қандай жаза арқалайды? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.

Қарғалы ықшам ауданындағы мына аквапаркте 60 шақты адамның демалып жатқаны анықталды. Күшейтілген карантин кезінде тәртіпке бағынбаған келушілерді де, мекеме басшысын да енді қомақты айыппұл күтіп тұр.

Жұмыс істеуіне тыйым салынса да, бассейн келушілерді астыртын қабылдап отырған. Жедел түсірілімнен орынның демалушыларға лық толы екенін көруге болады. Мекеме сыртына «карантинге жабылдық, уақытша жұмыс істемейміз» деп жазып қойыпты. Бұл біздің назарымызға ілікпеудің бір тәсілі болуы мүмкін дейді мобильді топ өкілдері.

«Жөндеу жұмыстары жүргізілуде деп жазылып тұрған. Бірақ кірген кезде ішіндегі үлкен бассейн жұмыс істеп тұрған. Ішінде 60-тай адам шомылып жатқан. Оның ішінде бүгінгі таңда карантинді бұзып, барлық адамдар арақашықтық сақтамаған, бетперделері жоқ, барлығы суда түсіп жүрген», – деді Наурызбай ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әнел Мұсаева.

Сондай-ақ, бұл жерде маска тағу, арақашықтық, дезинфекциялық режимдер сақталмаған. Санитар дәрігерлердің пікірінше, бассейн әкімшілігі тым болмағанда демалушылардың саны көп болмауын және 2 метр қашықтықты сақтауды қамтамасыз етуі керек. Енді мекеме басшысына 230 АЕК салынса, келушілердің әрқайсысы 83 340 теңге төлеуі тиіс.

«Келушілер өздерінің қателігін мойындап жатыр. Көбісі басында кішкене оғаш қылықтарымен көзге көрінді. Бірақ аяғында бәрібір қателерін мойындап, қазір оларға қатысты жеке тұлғаларға 30 АЕК бойынша хаттама толтырылады», – деді Наурызбай ауданы Кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Жандос Әбішкенов.

Наурызбай ауданында 4 мобильдік топ таңның атысынан кештің батысына дейін тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді. Айта кетейік, карантин күшейтілгелі аймақта 278 нысанға әкімшілік хаттама толтырылған.

Сымбат Ноғай, Қобылан Әлдибеков, Алматы телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир