Елімізде мопедті көлік ретінде тіркеу міндеттеледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Қос дөңгелекті көлік түрін тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі болуы шарт
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде мопедтерді көлік ретінде тіркеу міндеттеледі. Бүгін Мәжіліс депутаттары «Жол жүрісі туралы» заңға енгізілетін заңнамалық түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кез келген азамат мопедті жүргізе алмайды. Қос дөңгелекті көлік түрін тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі болуы шарт. Яғни А1 санаты керек. Нұрлан Таубайдың мопедпен жеткізуші болып, еңбек етіп жүргеніне 2 жылдан асқан. Көлік құралының ешқандай құжаты жоқ. Енді нәпақа табу үшін арнайы оқудан өтіп, алдымен жүргізуші куәлігін алуды жоспарлап отыр.  

– Жүргізуші куілігі болса, жол ережесін біледі деген сөз ғой. Ал жол ережесін білмесең адам өміріне қауіп тигізеді. Оқып, дайындалып жатырмын. Ертең тест тапсырамын, – деді  қала тұрғыны Нұрлан Таубай.

Ал мопедтерді жалға берумен айналысатын кәсіпкерлер көлік құралын тіркеуді міндеттеу дұрыс деп санайды. Заң қабылданса, жол апаты азайып, даулы сәттер жедел шешілмек.

– Мопедтерде мемлекеттік нөмір жоқ. Оны тізгіндеп отырған адам кез келген жолмен жүре береді. Жол апаты бола қалса, қашып құтылады. Сондықтан нөмір беріп, оны жүргізу үшін А1 санатын міндеттеу дұрыс деп есептеймін. Енді мопедтерімізді заңдастырып алуға уақыт берілсе, жүздеген көлік құралы бар. Оның барлығына нөмір алу үшін уақыт керек, – деді кәсіпкер Илья Литвинцев.

Депутат Екатерина Смышляева «заң қабылдана салысымен барлық мопедтің құжатын тексеру қисынсыз» дейді. Себебі елде шамамен 500 мыңнан аса көлік бар. Оның көбі мегаполистерде жүр. Шетелден сатып алынып қойғаны тағы бар. Сондықтан қос дөңгелекті құрылғыны заңдастыруға жарты жыл уақыт беріледі.

– Заң қабылданғаннан кейін бірден тексеру жүргізілмейді. Президент қол қойғаннан кейін 6 ай уақыт беріледі. Осы мерзім ішінде мопед иелері мен Ішкі істер органдарының қызметкерлері дайындалу керек. Ал қос дөңгелекті құрылғыны тіркеу қарапайым көліктерді рәсімдеу сияқты алгоритммен жүреді, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева.

Егер жүргізушіде А, Б, С санатындағы куәлік болса, мопедтерді басқаруға арналған «А1» санаты автоматты түрде беріледі. Ал егер мүлде куәлігіңіз жоқ болса, арнайы оқып, аласыз.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Атырау-Орал тас жолында көлік қозғалысы тоқтатылды

Новости партнеров