Алматы полициясы «Мәңгілік даңқ» шеруі өтетін көшелерге бетон кедергілер орнатпақ

Фото МИА Казинформ
Фото МИА Казинформ
Ардагерлер 1 мамырдағыдай заңсыз митингтердің қайталануына жол бермеу қажет дейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл «Мәңгілік даңқ» шеруін саяси мақсаттарда қолданғысы келетіндер бар. Сондықтан оларға тосқауыл қою керек! Осылай деп дабыл қаққан ауған соғысы ардагерлері 25 ардагерлік ұйым атынан үндеу жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олар 1 мамыр күні Алматы мен елордада өткізілген заңсыз митингтердің қайталануына жол бермеу қажет деп отыр. Сондықтан, Жеңіс күніне орай шеруді ұйымдастырушылар алматылықтардан мерекенің шырқын бұзбауды сұрап, полиция департаментінің көмегіне жүгінді.

Осы ретте қала тұрғындарының арасында сауалнама жүргізілген болатын. Олар Жеңіс күнінің маңызына тоқталды.

«9 мамыр – қастерлі мереке. Ұлы жеңіс күні. Осы айтулы мейрамды тойлауға шыққан адамдардың шырқын бұзып, жиын ұйымдастырғысы келетіндердің ниеті түзу емес. Олар ұлтаралық татулықты бүлдіргісі келетіндер. Мұндай әрекетімен мемлекетімізге іріткі салады. Сондықтан, заңсыз шерулерге тосқауыл қою керек», – дейді қала тұрғындарының бірі.  

«Бұл мерекенің маңызы зор. Жеңіс күнін қандай да бір әлеуметтік көмек алу үшін саяси мақсатта қолдануға болмайды. Бұл – жалпыұлттық мейрам. Біз үшін жанын қиған ата-бабаларымызды еске алып, олардың рухына тағзым ететін күн. Және осы күні қандай да бір саяси көріністердың болуы мүлдем орынсыз. Сол себепті бүлікшілердің тыныштығымызды бұзбауын талап етеміз», – дейді енді бірі.

Полиция департаменті өз кезегінде алдағы мерекелерде бұрын-соңды болмаған қауіпсіздік шараларын қолданатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, шеру өтетін көшелерге арнайы бетон кедергілер орнату жоспарда бар.

«Шеруге қатысатын азаматтардың бостандығы мен құқықтарын сақтау мақсатында барлық шаралар қолға алынады. Лаңкестік әрекеттерге қарсы іс-қимылдар қарастырып жатырмыз. Атап айтқанда, жол бойына бетон құрылғыларын қойып лаңкестік әрекетті жасағысы келетін адамдарға тосқауыл қоятын боламыз», – дейді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Новости партнеров