|
15.01.2019 | 19:00
2504

Биыл мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматқа көшеді – Дәурен Абаев

Биыл мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматқа көшеді – Дәурен Абаев

Биыл азаматтарға көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы толықтай электронды форматқа көшеді. Бұл қағаз түріндегі 110 миллион құжатты қысқартуға мүмкіндік береді. Мұндай ақпаратты Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев айтты. Ведомство басшысы электронды үкімет порталына енгізілетін жаңашылдықтар жайына да тоқтал ы.

Дәурен Абаев мемлекеттік қызметтер жүйесін биыл 80 пайызға, келесі жылы 90 пайызға автоматтандырмақ. Қағазбастылықтан құтылу 110 миллион құжаттың қысқаруына сеп болмақ. Электронды форматқа көшу – азаматтардың кезегін азайтып, қағазбастылықты жояды. Одан өзге, артық процедураларды қысқартуға бағытталған. Бүгінде 8,5 миллионнан астам тұтынушы тіркелген Е-gov порталында да түрлі жаңашылдықтар бар деді министр.

«Ең алдымен бұл – «Жасанды интеллект», «Проактивті қызметтер», «Интернет заттар» мен тағы басқалар технологиялық артықшылықтар. 2021 жылы біз e-Gov 3.0 сатысына толық көшуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен, қазір бұл сатының кейбір элементтері енгізіліп те қойған. Мысалы, ақпараттық жүйелердің интеграциясы өндірілуде. Сонымен қатар, «Смарт Бридж» жобасының аясында жасанды интеллект элементтері енгізіліп, проактивті қызметтер жүзеге асырылады», – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Енді азаматтар бұрынғыдай жұмысқа уақытша жарамсыз екенін дәлелдейтін аурухана парағын қолма-қол ала алмайды. Бұған дейін дәрігер беріп келген құжат тек электронды түрде қолжетімді болмақ. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі 43 заң мен 10 кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасын әзірлеген. Бұл өзгерістер 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыруға бағытталған. Оның арасында некені тіркеу қызмет уақытының өзгеруі де қарастырылған.

«Біріншіден, некені тіркеу қызметін оңтайландыру арқылы бұрын 1 айға созылған процесті 3 жұмыс күнінде рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Екіншіден, салық төлеушілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару қарастырылады. Үшіншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тәртібін бір ғана нормативті акт-ережелер арқылы реттейтін түзетулер де пысықталып жатыр», – деді Дәурен АБАЕВ.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуі Елбасының ерекше бақылауында деді. Цифрландыру жүйесі де қарапайым халыққа оңай әрі ұғынықты болуын да тапсырды.

«Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер секторын цифрландыру туралы түсіндіру жұмыстарын одан ары жалғастыру керек. Халық мемлекеттік қызметтерді цифрлық түрде пайдалануды дағдыға айналдыруы қажет. Дәурен Әскербекұлы, осыны басты назарға алуыңызды сұраймын», – деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал болашақта ұлт денсаулығы жөніндегі деректер Big data атты бір электронды базаға топтастырылмақ. Технология көмегімен денсаулық сақтау мен фармокология саласында жинақталған деректерді тиімді пайдалану жоспарланып отыр.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир