«Бастау» жобасы аясында ұйымдастырылған оқуды аяқтаған аналар сертификаттарын алды. 9 қыркүйектен басталған курста көпбалыларға бизнес-тренерлер жобаны ойлағаннан жүзеге асырғанға дейін үйреткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бала күтіміне байланысты үйде отырған көпбалалы аналар да пайда таба алады. Жолдасының айлығына, мемлекеттің берген жәрдемақысына қол жаймай, отбасын асырауға мемлекет мүмкіндік беріп отыр. «Бастау» жобасы аясында қолға алынған оқыту курстарын Алматы қаласында тоғыз жүзге жуық адам бітірсе, оның 150-ден астамы көпбалалы аналар.
«Мақсатым - тігін ательесін ашып, балабақшадағы балаларға, қызметкерлеріне жылына бір рет келісім шартқа отырып, жеке өз қалаулары бойынша киім үлгілерін тігу. Мемлекет тарапынан қазір жұмыс жасаймын, өз хоббиымды іске асырам деген көпбалалы аналарға көптеген жағдайлар жасалуда. Бір жыл бойында бізге көмек көрсетіледі», - деді көпбалалы ана Лаура САЛЫҚЖАН.
«Бастау» курсын тәмамдаған көпбалалы аналар сертификаттарын ала бастады. 150-ден астам адамның жартысынан көбі Алатау ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығынан. Айта кетейік, қазір аудандық орталықта 664 көп балалы ана тіркелген.
«Әйелдердің өскісі келетіні, кәсіп ашқысы келетіні көрініп тұр. Мықты қолдау болып жатыр ғой үкіметтен. Қыздардың бәрі гранттарын алып, жобаларын қорғады. Енді сертификаттарын тараттық. Ары қарай да бизнестерін дамытуға көмектесеміз», - деді Алматы қаласы Алатау аудандық «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ақмарал БАСИРОВА.
Білімін шыңдаған аналар өз ісін бастап, қажетті құрал-жабдықтарын алу үшін «Еңбек» бағдарламасы аясында 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік гранттың иегері атануына толық мүмкіндік бар. Немесе «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы инновациялық жобаларға 3 миллион теңгеге дейін, ол оны аз десеңіз «Алматы» микроқаржылық ұйымы арқылы 2-7 пайыздық мөлшерлеме аралығында жеңілдетілген несие алуға болады.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы