«Найман» лақап атымен танылған аралас жекпе-жек файтері Қуат Хамитовтің 6 айға бас бостандығы шектелді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Спортшыға қатысты онлайн-форматта өткен сот отырысы Алмалы аудандық сотында қаралды. Енді Қуат Хамитовтың жарты жыл бойы шетелге шығуына рұқсат жоқ және айыппұл төлеуі міндеттелді. Бұған дейін алғашқы сот тыңдалымы 18 қаңтарда өткен. Спортшы сол кезде соттан оны турнирлерде өнер көрсету үшін шетелге шығу мүмкіндігінен айырмауды сұраған еді. Енді бүгінгі соттың шешімімен келіспеген жадайда 15 тәулік ішінде қайта арыз беруге болтыны ескертілді.
«Мен апелляцияға бермеймін. Соттың шешімімен не істеу керек болса, бәрін істеймін. Айыппұлдарын төлеймін. Мен енді қарапайым халық секілді өзім де қарапайыммын. Басқа адамдардан асып кеткен ештеңем жоқ. Сондықтан соттың барлық шешіміне қарсы келмей, бәрін заңды түрде орындаймын», – деді аралас жекпе-жек спортшысы Қуат Хамитов.
Еске сала кетсек, Қуат Хамитов былтыр қыркүйекте әлеуметтік желіде бейне-үндеу жариялап, елді «дезинфекторларды ұрып, тікұшақтарды атуға» шақырған еді. Құзыретті органдар бұл іс-әрекетті зорлық-зомбылыққа үгіттеу және заң талаптарына бағынбаушылық деп есептеп, қылмыстық іс қозғаған. Алайда кейінірек спортшы әзілдегенін айтып, халықтан кешірім сұраған еді.