Ал басты мерекелік атрибут Астана алаңында орнатылған. Шыршаны қала тұрғындарымен бірге Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұтатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астана алаңына шыршаның жағылу шарасына келгендер көп. Ауа райы суық болғанымен, көңілдері жаз. Алаң құдды бір ертегі елі секілді. Қос қапталдағы безендірілген ағаштар көшенің көркін келтіріп тұр. Мерекелік концерт әншілердің өнер көрсетуімен басталды. Тұрғындардың арасындағы мультфильм кейіпкерлері де мерекенін сәнін арттырды. Келушілер әннің ырғағымен билеп, жаңа жылды тойлауды бастап кеткен.
Жаңа жылдың басты атрибуты – шыршаның биіктігі 20 метрді құрайды. Экологиялық таза дүние екенін де айта кету керек. Қала тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан мейраммен құттықтаған Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев әр отбасыға бақыт, шаттық, қуаныш тіледі.
Еске сала кетейік, бүгін Алматының барлық ауданында шырша жағылды. Дәл осы сәттен бастап мегаполисте жаңа жылды тойлау басталды.