Биыл экстремистік бағыттағы 1700-ге жуық жарияланым анықталған

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде Алматыда 17 конфессияға қарайтын 184 діни ұйым тіркелген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл әлеуметтік желілерде экстремистік және террористік бағыттағы 1700-ге жуық жарияланым анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматылық теолог ғалымдар әсіресе жастар деструктивті ағымдардың жетегінде кетіп, санасы уланып жатыр деп дабыл қағуда. Дінтанушылардың сөзінше жалған діни топтар жұртты зайырлы мемлекет ұғымына қарсы үгіттейтін көрінеді.

Елдегі діни ахуалға алаңдаған теолог, ғалымдар жат ағымдағылар жұртты әлеуметтік желі арқылы арбап, санасын улайтынын айтады. Өзге ниеттегі топтар зайырлы елді «кәпір, мұндай жерде адам өзінің діни көзқарасын толық ұстану мүмкіндігі жоқ» деп насихаттайтын көрінеді. Мамандар бұған «Жусан» операциясымен елге қайтарылғандармен жұмыс істеу барысында көз жеткізген.

«Осындай деструктивті топтардың кесірінен кейбір жастарымыз, қандастарымыз, тіпті әйел-қыздарымыз да солардың санасымен уланып Шам елінен бір-ақ шыққандығына біз куә болдық. Зайырлы мемлекет ешқашан дінге қарсы, дінсіздік деген көзқараста емес», – деді  «Нұр-мүбарак» университеті жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханов.

Сондықтан бүгінгі қоғамның «зайырлы мемлекет» ұғымын дұрыс түсінуі маңызды. Мамандардың айтуынша, зайырлылық - дінсіздік емес.  

«Қаңтар оқиғасы» кезінде де деструктивті, радикал, қатаң көзқарастағы топтар «зайырлы  қағидатта басқару негізде осындай жағдай орын алды» деген негізсіз сөздер айтылған», – деді «Нұр-мүбарак» университеті жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханов.

Елімізде халықтың 70 пайызы мұсылман. Дінтанушылардың жасаған зерттеуіне сүйенсек отандастарымыздың 85 пайызы өздерінің Жаратушыға сенетіндерін айтқан. Оның ішінде діннің канондарын нақты сақтайтындар 20 пайыз. Қалған 15 пайызы атеистердің еншісінде екен.

«Ол жерде атеист те бар, буддист те, мұсылман да, христиан да бар. Барлығы бір-біріне құрмет көрсетіп, өмір сүруі, бұл – зайырлы қоғам. Зайырлы қоғамды кейбір отандастарымыз, жастар дінсіздікпен шатастырып жатады. Олардың айтуынша, зайырлық дегенімізді бұл адамдардың сенімі шектеу», – деді философия, саясаттану және дінтану институты дінтану орталығының директоры Алмасбек Шағырбай

Дінтану мамандары жалған діни топтардан жастарды, қоғамды сақтандыру үшін өкілетті органдардың қызметкерлерімен бірге жұмыс істеп келеді. Соның аясында мамырда діни экстремистік топты ұйымдастырды деген күдікпен АҚШ азаматы ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ экстремистік пиғылдағы 1700-ге жуық пост анықталыпты. Жат ағымдағы насихатты блогерлер де жиі жасайтын болған.

«Блогердің әлеуметтік парақшаларында «қыз балалар мектепте орамал тағуы керек» деген жазбалар жариялағаны анықталды. Мәселеге қатысты қала прокуратурасы экстремизм басқармасына хат жолдаған болатын», – деді  Әуезов аудандық прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Дәурен Бектұров.

Бүгінде Алматыда 17 конфессияға қарайтын 184 діни ұйым тіркелген. 115 діни ғибадатхана жұмыс істейді.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров