Құс тұмауы: республикалық қордан 9 мыңнан астам қосымша вакцина бөлінген

12.01.2024 00:03

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді

Almaty.tv

Елімізде құс тұмауының алдын алу үшін буферлік аймақтардағы құстарды вакциналауға республикалық қордан 9 мыңнан астам қосымша доза бөлінген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Былтыр 74 елде құс тұмауының 5 мыңнан астам ошағы тіркелген. Оның ішінде Маңғыстау облысы да бар. Қазірге дейін Қарақия-Қаракөл жағасынан 850-ден аса аққудың өлексесі жиналып, жойылған.

Алматылық Динара Құлымбетова құс өсірумен айналысады. Ол бұл істі 2020  жылы бастаған. Алғашында мұндай шаруашылықты қолға алу оңай деп ойлағанымен, ұзақ уақыт өтпей, істің алға басуы үшін артылар жауапкершілікті түсінгенін айтады.

– Бір жыл бұрын ауылда көп адамның тауығы қырылып қалды. Нақтысын білмеймін. Суға қосып беретін витамині, бірнеше таблеткалары болады. Соны бердік, – деді шаруашылық иесі Динара Құлымбетова.

«Құс тұмауы» алғашында «тауық сүзегі» деп аталған. Аурудың негізгі тасымалдаушылары – басқа жақтан келетін жабайы құстар. Мамандардың айтуынша, вирустық дерттің алдын алу үшін қанаттыларға жылына 2 рет екпе салынады. Аталған вирус Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында жиі кездеседі. Ауру құстардың жұмыртқа басуының күрт төмендеуімен, жемді артық жеуімен көрінеді. Сондай-ақ қауырсындары да үрпиіп кетеді.

– Бірінші профилактикалық шара - ауру құсты анықтау. Ауырғанын білсе, санитарлық талаппен көзін жойған жөн. Және, әрине, барлық аман қалғандарына екпе алу керек. Ал тұрғындар өлі құсты көрсе, ол жерге жақындамағаны дұрыс. Мүмкіндігінше ол аумақты қолда бар материалдармен қоршап, тек медициналық қорғаныс заттарын пайдаланған абзал, – деді ветеринария қызметі басшысының міндетін атқарушы Мархабат Мадияров

–2023 жылы 13,4 миллион доза вакцина сатып алынды. Жоспар бойынша 2023 жылы 12,8 миллион құсқа вакцина салынды. Төтенше шараларды жүргізу және құстар арасында инфекцияның таралуын болдырмау үшін министрлік буферлік аймақтарда барлық қажетті эпизоотиялық шараларды қабылдады, – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің бөлім басшысы Марат Мұхтаров.

Ал Алматы облысында өткен жылы аталған дерттің алдын алу үшін сегіз жүзден астам қанаттыларға вакцина салынған. Екпе алу кезеңі көктем мен күз мезгілінде жүргізіледі.

Жансая Олжабек, Әмина Үсенова, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Базар мафиясы: ет өнімдері неге қымбат