Баянауылдағы өрттің таралу қаупі жоқ

Баянауылдағы өрттің таралу қаупі жоқ
Жалпы өртті сөндіруге 100 маман және 10 техника бірлігі жұмылдырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Баянауыл ұлттық паркіндегі тілсіз жауға қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство жетекшісінің сөзінше, қазіргі кезде 5 ошақтың үшеуі ауыздықталған. Айтуынша, қызыл жалыңды сөндіруге қолайсыз ауа райы кедергі болды. Өрт секундына 20-24 метрге дейін соққан желге байланысты өрши түсіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Кеше Баянауыл ауданында табиғи өрттің бес ошағы ауыздықталмай жатқан еді. Ең ірісі - Баянауыл ұлттық табиғи паркінде болды. Бүгін таңертеңгі сағат сегізде маған өрт ошағының тек екеуі қалғанын баяндады. Бүгін тікұшақпен төбеден қарағанда 93 гектар аумақтың өртеніп жатқаны расталды. Арнайы комиссия өрт аумағынының нақты қаншалықты екенін анықтайтын болады», – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир БЕККЕР.

Айта кетейік, Баянауыл ұлттық табиғи паркіндегі өрт кеше, яғни 22 қыркүйек күні күндіз тұтанған еді. Қураған ағаш пен шөп өртенген. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін кешқұрым Өскеменнен Ми-171 тікұшағы тартылды. Жалпы өртті сөндіруге 100 маман және 10 техника бірлігі жұмылдырылды. Комитет төрағасы  өрт тіркелген Павлодар облысында тікұшақ болуы тиіс дейді. Себебі, қарағайлы аумақта өрттің қаупі өте жоғары. Екіншіден, ол жақта бір аумақтан екінші аумаққа суды жеткізу жағы да қиындау. 

Айта кетейік, өткен жексенбіде ел аумағында 24 табиғи өрт тіркелген.

Новости партнеров