2020 жыл Қазақстан үшін айтулы жетістіктерге толы жыл болды. Пандемияға қарамастан, еліміздің көк байрағы биыл талай рет көкке көтеріліп, жеңіс тұғырында желбіреді. Әлемдік өнер және спорт салаларында отандастарымыздың бағындырған шыңы барша халыққа мақтаныш сезімін сыйлап, қуанышқа бөледі. Қазақстандық таланттардың осы жылда жеткен жетістіктері туралы Almaty.tv тілшісінің бейнематериалында.
Биыл Қазақстан есімін әлемге паш еткен жұлдыздар қатары көбейді. Жас таланттардың бірі Данэлия Төлешова қыркүйек айында АҚШ-та өткен «America's Got Talent» байқауында жартылай финалға өтіп, өнерімен дүйім жұртты тәнті етті. Сондай-ақ, пандемияға қарамастан футболдан Қазақстан чемпионаты өтті. Соңғы рет 2004 жылы үздік атанған «Қайрат» командасы араға 16 жыл салып қайтадан жеңіске жетті.
«Сіздерді мына келе жатқан жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Бүкіл Қазақстандықтарға тілерім – еліміз, жұртымыз тыным болсын, тек қана аман болсын. Мына қатерлі дерттен тез айығып, қалыпты өмірге оралуға тілектеспін және де біз үшін осы жылы чемпиондық жыл болды», – деді «KAIRAT» FC ойыншысы Айбол Әбікен.
Ал, классикалық шахматтан әлемдегі ең жас гроссмейстер атанған Жансая Әбдімәлік Италияның Тарвизио қаласында өткен әлем чемпионатында 1-орынды иеленіп, жаһандағы ең үздік шахматшылардың үштігіне енген болатын. Ал, қараша айының соңында Қазақстанның қоржынына алтын алып берген жүзуші Дмитрий Баландин елде өткен чемпионатта түрлі қашықтықта брасспен жүзуден 3 алтын медальді иеленді. Сондай-ақ, Қарақат Башанова Польшада өткен 18-ші «Junior Eurovision» əн байқауында 152 ұпай жинап, екінші орынды иеленді.
Әлемдік ән сахнасына қадам басқан Қарақат Башанова байқаудың ұлттық іріктеуіне қатысқан 684 жас өнерпаздың ішінен Қазақстанның намысын қорғаған болатын. Ән додасында оған 4 млн 500 мың адам дауыс беріп, жас әнші жеңіс тұғырынан көрінді.
«Бұл жеңіс – біздің ортақ жеңісіміз деп ойлаймын... бұл өте эмоцияға беріліп айтатын ән. Сондықтан бастапқыда ұлттық іріктеуде жылап жіберемін бе деп қорықтым. Бірақ одан кейін мен өзіме күш жинап, осы әнді орындап шықтым... », – деді «Junior Eurovision 2020» байқауының күміс жүлдегері Қарақат Башанова.
Сонымен қатар, отандасымыз, «Трипл Джи» есіммен белгілі Генадий Головкин желтоқсан айында поляк боксшысына қарсы жекпе-жегін 7-раундта техникалық нокаутпен аяқтады.
Осылай, Геннадий Головкин әлемдік рингте 41-рет жеңіске жетті. Кәсіпқой боксшы өзінің бұл жетістігін қазақстандықтарға арнады.
Биыл әлемді жалмаған пандемияға қарамастан 2020 жыл Қазақстан үшін жетістіктерге толы болды. Мемлекетімізді әлемге паш еткен тұлғалармен әрбір қазақстандық мақтанады.
Аяулым Көлжігіт, «Алматы» арнасы