Жас буын өкілдері қазірден бастап елордадағы дауыс беру учаскелеріне келіп, саяси шараның қалай өтетіндігіне қызығушылық танытуда. Олар президентікке үміткерлердің көтеріп жатқан мәселелеріне аса назар аударып жүргендерін алға тартады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұр-Сұлтандағы №142-ші учаскелік сайлау комиссиясына күніне он шақты адам келеді. Барлығы да сайлау кезіндегі талаптарды алдын-ала пысықтайды.
Елена Фадеева да бүгін Сарыарқа ауданына қарасты №35 мектеп-лицейіндегі сайлау учаскесіне арнайы келіп, өзінің тізімде бар-жоқтығын анықтапты.
«Тізімде бар-жоқтығымды тексердім. Бұған әркімнің құқығы бұл. Алдын ала келіп, барлығын анықтаңыздар. Дауыс беру менің парызым деп білем. Отанымның болашағы, ертеңі маған маңызды. Сондықтан әрқайсыңызды саяси таңдауға жасауға шақырам», – дейді сайлаушы Елена ФАДЕЕВА.
Комиссия төрағасы Талғат Ахмединов дауыс берушілер саяси шараға өте жауапты дейді. Бүгінге дейін учаскеге 10 шақты адам келіп, өздерінің 9 маусымда басқа жақта болатындарын айтап, сол жерде дауыс беруге рұқсат деген қағаздарын алып кетіпті. Жалпы бұл учаскеге 3000 адам келіп, өз таңдауын жасайды деп күтілуде.
«Соңғы кезде байқаймын, сайлауға жастар көп мән бере бастапты. 5-6 адам боп жиналып келіп, сайлаудың қалай өтіп, не болатынын сұрап кетеді екен. Осының өзі де сайлаудың әділ өтетініне, адамдардың белсенді болатынына көп үміт сыйлайды», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы № 142 учаскелік сайлау комиссияның төрағасы Талғат АХМЕДИНОВ,
Бас қалада саяси маңызды күні 238 сайлау бөлімшелері 650 мыңнан астам дауыс берушіні қабылдайды. Халықаралық бақылаушылар қатысатын ел Президентін таңдауға елордада үш мыңнан астам арнайы маман жұмылдырылмақ.
«Сайлау күні тұрақты мекен-жайынан өзге жерде болатын азаматтар дауыс беруге рұқсат етілетін есептен шығаратын талонды алуы керек. Бірақ осы мәселені алдын ала қамданған жөн. Қолға беріген құжатпен ел тұрғындары өз таңдауын қай жерде болса да жасай алады», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы сайлау комиссиясының төрағасы Владимир РЕДКОКАШИН.
Небары 12 күн қалған президенттік сайлау кезінде елімізде 9000-нан астам дауыс беру учаскелері істейді. Сонымен қатар шет елдердегі қандастарымыз үшін де 65 дауыс беру бөлімшері қарастырылған.