Әсіресе телефон арқылы көмек алатындар қатары көп. Осыған байланысты орталықтың жұмысы күшейтілмек. Жұрттың көбіне коммуналдық-шаруашылық және балабақша кезегіне тұру мәселесіне қатысты жүгінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Архат Сапаров Саялы шағын ауданынан жаңа пәтер алуға дайындалып жүр. Қазір құжаттарын реттеу үстінде. Кеңес алу үшін «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығындағы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бөлімшесіне келуді жөн деп санаған.
«Мен келген кезде бұл жерде ешқашан кезек болмайды. Келемін де, небәрі екі минутта сұрақтарыма мардымды жауап алып қайтамын», – дейді Архат САПАРОВ.
Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығына күніне орта есеппен 100 адам келеді екен. Тағы 100-і порталға өз ұсыныстарын жазып жібереді. Атап өтерлігі, тұрғындар үшін Open Almaty.kz порталы мен 1308 арнайы телефон желіcі де жұмыс істейді. Дәл осы call-орталық тұрғындар арасында кең сұранысқа ие. Өтінімдердің 60 пайызы телефон арқылы қабылданады.
«Келіп түскен шағымдардың басым бөлігі 2 күн ішінде шешіледі. Тек бюджеттен қаржы бөлуді талап ететін кейбір мәселелерге ғана көбірек уақыт керек. Қоғамдық қабылдау орталығына жүгінген кез келген азамат түсірген өтінішінің қандай деңгейде екенін жеке кабинетіне кіріп көре алады. Ол жерде мәселесі кімнің қарауында жатқаны, кім жауапты және оны шешуге қанша уақыт керектігі бәрін бақылай алады», – дейді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ басқарма төрайымы Жанна ТӨЛЕГЕНОВА.
Жұрттың сауалы негізінен коммуналдық-шаруашылық, яғни ауланы жөндеу, абаттандыру мәслесіне қатысты дейді мамандар. Сондай-ақ, денсаулық, білім беру саласы мен балабақша мәселелері де бар. Орталықтың көмегіне жиі жүгінетіндердің бірі – Вячеслав Павленко. Бұл жолы ол орталыққа қоғамдық көлікке қатысты мәселемен келіпті.
«Мен қаладан қашықта тұрамын. Қатынау тұрғысында қиындықтар бар. Біз жаққа жүретін қоғамдық көлік өте аз. Болса да, тозығы жеткен көліктер. Осы мәселені айтып Open Almaty қоғамдық қабылдау орталығына шағым түсірдім. Өтінішім аяқсыз қалмай, 1 ай аралығында жаңа автобустар қатынай бастады. Тіпті, олардың саны да ұлғайды», – дейді Вячеслав ПАВЛЕНКО.
2017 жылдың қыркүйек айында жұмысын бастаған Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау орталығы Оpen Аlmaty-ға осы уақытқа дейін 135 мыңнан астам адамнан өтініш келіп түскен. Соның 90 пайызы оң шешімін тауыпты. Шағымдардың 80 пайызға жуығы алғашқы 2-3 күннің ішінде-ақ шешілген.
Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы