«Ұлағатты ұрпақ -ұлттық ұстаным!» Осындай тақырыппен Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы Талдықорған қаласында кездесу өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіл, жер, діл, ар-ождан – Сәдібек Түгел бірінші кезекте осы төрт тұғырымызды түгендеуге басымдық беруді ұсынып отыр. Және ұлы дала мәдениетін жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды ұлықтау жөнінде бастама көтерді. Кандидаттың айтуынша, әрбір азамат ана тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларын біліп, қастерлеп өсуі қажет. Сәдібек Түгелдің сенімді өкілдері сайлауалды бағдарламасымен халықты тереңірек таныстырып, насихат жұмыстарын жүргізуде. Үміткердің ұстанымы үгіт-насихат парақтарында тезис түрінде де қамтылған.
«Бүкіл облыс бойынша 60 сенімді өкіл тіркеп отырмыз. Осы күнге дейін біраз ауданды аралып шықтық. Біздің негізгі мақсатымыз – осы сайлауалды платформасымен облысымыздың әрбір тұрғынын таныстырып, оларға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды штаб жетекшісі Бақыткүл ҚОЖАБЕРГЕНОВА.
«Сәдібек Түгел бағдарламасының ұлтымызға, дәстүріне тигізер пайдасы мол деуге болады. Мәдениетімізді, демографиямызды көтеру және жастарды қолдау жағы өте қатты ұнады», – деді сайлаушы Айдана ҚАТАШОВА.