Қостанайдағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету қорына 700 млн теңге түсті

nur.kz
nur.kz
Әкім орман өртінен зардап шеккендерге қолдау көрсеткендердің барлығына алғыс білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ірі бизнес өкілдері мен қарапайым қазақстандықтар Әулиекөл ауданындағы дала өртінен зардап шеккендерге көмек көрсету қорына 700 миллион теңге жинады. Бұл туралы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желіде жазып, көмек көрсеткен жанашыр жандарға алғысын білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

"Бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқан жерлестеріміз әп-сәтте барынан айырылып қалды. Жантүршігерлік өрт Әулиекөл ауданындағы орманды күлге айналдырып, 100-ден астам үйді шарпыды. Соның салдарынан жүздеген жерлесіміз баспанасыз қалды", - деп жазды Мұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ортақ және басты міндет – қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру және азаматтардың қарапайым өмірге оралуы. Осылайша, мемлекет баспанасыз қалған азаматтардың тұрғын үй құрылысына 2,3 миллиард теңге бөлді. Құрылыс компаниялары үй салуды бастады.

"Мемлекетпен бірге жауапты ірі кәсіпорындар, банктер, қайырымдылық қорлары ортақ іске атсалысып, олар өз қаражаты есебінен бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын бастады. Зардап шеккендерге қол ұшын созуға тырысқан еліміздегі ынтымақтастық қуантады. Әлі күнге дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар тиелген автокөліктер келіп жатыр. "Қайырымдылық.KZ" қайырымдылық қорының шотына қазірдің өзінде 700 миллион теңге түсті", - деді Қостанай облысының әкімі.

Сондай-ақ Архимед Мұхамбетов өрт сөндірушілерге, полиция қызметкерлеріне, әскери борышын өтеген сарбаздарға ерекше алғысын айтып, осы күндері зардап шеккендерге үздіксіз алғашқы медициналық көмек көрсеткен барлық медицина қызметкеріне рзашылығын білдірді.

Новости партнеров