Алдағы екі жылда 3000 мұғалім мен дәрігер қоныс тойын тойлайды

Алдағы екі жылда 3000 мұғалім мен дәрігер қоныс тойын тойлайды
Оларға пәтер бастапқы жарнасыз берілмек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Қазақстан ипотекалық компаниясы, еліміздің Денсаулық сақтау, Білім және ғылым министрлігі меморандумға қол қойды. Соның арқасында елімізде мұғалімдер мен дәрігерлер бастапқы жарнасыз пәтер алу мүмкіндігіне ие болады, – деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың арасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша әрі қарай сатып алуға құқық берілген тұрғын үйлерді жалға беру туралы келісімдерге қол қойылды. Осылайша алдағы екі жылда 3000-ға жуық денсаулық сақтау және білім беру саласының қызметкері қоныс тойын тойлайды. Мұндай мүмкіндікке бүгін аталған екі сала министрліктері мен Қазақстан ипотекалық компаниясы, яғни үш тараптың арасында жасалған келісімнің арқасында қол жеткізілді.  

Ресми деректер бойынша, бүгінде 15 мың медицина қызметкері баспанаға зәру. Ал білім саласында жұмыс істейтін 10 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр екен.

«Біздің денсаулық сақтау саласында 400 мыңға тарта қызметкер жұмыс жасайды. Олардың 60 мыңы дәрігер болса, 170 мыңы мейірбикелер, қалғаны осы саланың басқа да қызметтерін атқарады. Әрине, бұл салада да баспана тапшылығы мәселесі бар. Қолда бар мәлімет бойынша олардың саны 15 мыңнан асады екен. Бүгінгі меморандум үлкен қуанышқа бастайын жол ашады. Еліміз бойынша, 1500 медицина қызметкері арендалық баспана алатын болады», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

«Жалпы бағдарламаға қатысуға кімнің құқығы бар? Ең бірінші, ол үшін министрліктің және ведомстваға бағынышты ұйымдарының қызметкері болуы шарт.  Содан соң соңғы бес жылда атында үйінің болмауы. Және төлем қабілеті расталуы тиіс. Міне осы азаматтарға сатып алу құқығымен арендалық тұрғын үй беріледі. ҚИК Білім және ғылым министрлігіне пәтер саны, орналасатын жерін, техникалық сипаттамасын көрсетілген хабарлама жібереді. Ол хабарламада сондай-ақ пәтердің шаршы метрі, қабаты, бағасы бәрі көрсетіледі», – дейді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын ОРСАРИЕВ.

«Ай сайынғы төлемге келсек, мәселен Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында бір бөлмелі пәтерге шамамен 55 мың теңге төлейді. Тиісінше, бұл төлемді ай сайын жүргізіп тұру үшін отбасының кірісіне қараймыз. Күнкөріс минимумы, несиесінің бар-жоғы тексеріледі. Осының бәрін зерделейміз, бұл төлемді жүргізе алады деген ұйғарымға келсек, біз келісімшартқа отырамыз.  Оның үстіне кепілгерлерді тарту мүмкіндіктерін де қарастырып отырғанымызды айттық. Демек, адамның, я отбасының кірісі жетпей жатса, кепілгерлерді тартып, баспана ала алады», – деді «ҚИК ИҰ» АҚ басқарма төрағасы Әділ МҰХАМЕДЖАНОВ

Атап өту керек, бағдарламаны іске асыру мемлекеттік бюджетке салмақ салмайды. Аталған бағытты қаржыландыруға шамамен 40 млрд теңге ипотекалық ұйымның меншікті қаражаты мен нарықтық талаптарға сәйкес, қарызға алынған қаражат жұмсалатын болады. Ал алдағы 2-3 айда пәтерлер беріле бастайды. Компания өкілдері осылай деп отыр.

Новости партнеров