Сенат 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қайтарды

Сенат 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қайтарды
Жыл сайын жаңа мектептер салуға бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, мектептерге деген тапшылық азаяр емес
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенат депутаттары Мәжіліске 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын түзетулермен қайтарды. Олар атап айтқанда, автожолдарды қайта жаңарту мен дамытуға, газбен жабдықтауға, су құбыры желілерін салу мен жөндеуге және басқа да шығыстарды ұлғайтуды ұсынып отыр. Бұл шығыстар Үкімет резервінде көзделген қаражатты қайта бөлу есебінен қаржыландырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сенаторлар заң жобаларын талқылау барысында Үкімет мүшелерінің алдында инфляцияның өсуіне, оның ішінде, отын бағасына, мемлекеттік қарыздың ұлғаюына, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен, интернетпен қамтамасыз етуге, фельдшерлік пункттер желісін кеңейтуге қатысты және басқа да бірқатар өзекті мәселені көтерді.               

«Жалпы, алдағы үшжылдық бюджет Үкімет үшін үлкен сынақ деуге болады. Себебі Үкімет экономиканы дамыту қарқынын арттыру және көлеңкелі секторды азайту арқылы бюджеттің кірісін 35 пайызға өсіруді көздеп отыр. Сонымен бірге бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету және Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің көлемін қысқарту жоспарланған. Осындай бастамаларды біз, әрине, қолдаймыз», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Жыл сайын жаңа мектептер салуға бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенімен, мектептерге деген тапшылық азаяр емес. Сондықтан көптеген мектептерде сыныптар саны әліпби әріптерінің жартысынан асып кеткен.  

Астанамыздың іргесіндегі Қосшы қаласында №2 орта мектепте 1«ы» сыныбы ашылған. Бұған тағы бір айқын мысал, елордамыздағы 1200 оқушыға арналған №59 мектеп-лицейінде нормативтен үш еседен артық жүктеме болып, 4100 жас жеткіншек оқуда. Маңғыстау облысында 15 мемлекеттік жалпы білім беру ұйымы үш ауысымдық режимде жұмыс істейді. Осылайша, мектепке деген тапшылық орын алып отырғанда, 2019 жылы Ақтөбе облысының Шилісай ауылында 1,4 млрд теңгеге салынған 680 орындық мектеп бос тұр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нүкетаева.

Сенатор Ақылбек Күрішбаевтің атап өтуінше, осыдан он жыл бұрын ауыл шаруашылығында 15 түрлі субсидия болған. Ал соңғы жылдары олардың саны 51-ге дейін өскен. Бірақ бұдан мемлекеттік қолдаудың тиімділігі аса артпаған.

«Мұның себебі осы саладағы келесідей жүйелі үш мәселе болып табылады. Біріншіден, көптеген мемлекеттік қолдау түрлерінің мақсаты түпкілікті нәтижеге жетуге емес, аралық технологиялық процестерді орындауға бағытталған. Өз кезегінде, субсидия алушының жауапкершілігі де жоқ, өйткені ережелерде жұмыс нәтижелігінің нақты индикаторлары анықталмаған. Екіншіден, субсидия бөлу ережелерінде белгіленген сәйкестіктің көптеген критерийлерінің анықсыздығынан, осы бағдарламаларды әкімшілендірудің күрделілігінен сыбайлас жемқорлықтың болу деңгейі жоғары», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев.

Үкімет мүшелері ұсынған 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетте әлеуметтік шығыстар үлесі көп. Мәселен, осы бағыт бойынша үшжылдық кезеңдегі шығыстар 26,8 трлн теңгені құрайды. Әлеуметтік көмекке және қамсыздандыруға 13,4 трлн теңге жоспарланған. Оның 94 пайыз зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек, жекелеген санаттағы азаматтарға біржолғы қаржылай өтемақы төлеуге арналған. Ал Денсаулық сақтауға арналған шығыстар 5,7 трлн теңге болмақ. Білім және ғылымды дамытуға бюджет жобасында 7 трлн теңге көзделген.  Сенат депутаттары бірқатар мәселелерді атап, Заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров