|
22.07.2024 | 19:10
194

Birgemiz: Taza Alem: Алматыда «автокөліксіз бір күн» челленджі өтті

Челлендж ұйымдастырушылары қоғамдық көлікпен, велосипедпен, скутермен немесе жаяу жүруге үндейді

Birgemiz: Taza Alem: Алматыда «автокөліксіз бір күн» челленджі өтті Almaty.tv

Бүгін елімізде экологияны қорғау мақсатында «автокөліксіз бір күн» челленджі ұйымдастырылды. Ондағы мақсат – жеке көліксіз жүріп, ауаның ластануы мен улы газдардың бөлінуін азайтуға күш қосу. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қолға алынған игі іске кез келген адам қосыла алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасын іске асыру шеңберінде қолға алынған челлендж әлеуметтік желілерде танымалдылыққа ие болды. Бәлкім соның әсерінен болар, бүгін әдетте көліктер ығы-жығы болып жататын аптаның алғашқы күні болса да, мегаполис көшелерінде автомобильдердің едәуір аз екенін байқауға болады. Іс-шараға үлесін қосқандардың қатарында соңғы жылдары көлікке көп отырмауды әдетке айналдырған Алматы тұрғыны Абылай Абатов та бар.

– Әлеуметтік желіде челлендж туралы көрдім. Автокөлікті жиі қолданатын адамдардың қатарынанмын. Бірақ автокөліктің қаламыздың экологиясына келтіретін зияны көп болғандықтан,  арасында самокат, велосипедтерді қолданып тұрамын. Бүгін жұмысқа самокатпен келдім, – деді қала тұрғыны Абылай Абатов.

Елімізде 5,5 млн-ға жуық автокөлік тіркелген. Экобелсенділердің айтуынша, көліктерден улы газдардың бөлінетінін азаматтар жиі естігенімен, мағынасына терең үңіле бермейді. Қоршаған ортадағы зиянды заттар, ауаның мөлшерден тыс лас болуы бірінші кезекте дәл осы азаматтардың денсаулығына қауіп төндіреді.

– Таза ауа индикаторы – әлемдегі тұрақты дамуға қатысты маңызды көрсеткіштің бірі. Сондықтан да дамыған елдер мен қалалардың барлығы аталған индексті арттырып, азаматтарына қауіпсіз орта құруға ұмтылады. Ал бұл автокөліктерден бір күнге бас тарту – осы жолдағы қарапайым болса да маңызды қадам, – деді БҰҰ тұрақты даму мақсаттары бойынша сарапшы Сергей Цой.

Сондай-ақ сарапшылар «челлендж арқылы кем дегенде 5 адам болса да автокөліктен келетін зиянның маңызын түсінсе, мақсаттың орындалғаны» дейді. Олар ел бойынша жаяу жүргіншілер мен баламалы көлікті пайдаланатындарға қолайлы жағдай жасау арқылы автокөліктен бас тартатындардың санын арттыруға болатынын айтты.

– 6 жыл бұрын экологист болуға бет бұрғанда «жеке көліктен бас тартып, қоғамдық көлікпен жүремін» деп шешім қабылдадым. Әрине инфрақұрылымы дамыған ірі қалаларда жеке көліксіз қатынауға барлық жағдай қарастырылады. Сол сияқты еліміздің барлық аймағында көліксіз жүріп-тұруға қолайлы мүмкіндік жасалса, азаматтарымыз да автомобильден бас тартатынына сенімдімін. Себебі оның экологияға зиянымен қатар баға жағынан да шығыны көп екені сөзсіз, – деді эколог Евгений Мұхамеджанов.

Челлендж ұйымдастырушылары қоғамдық көлікпен, велосипедпен, скутермен немесе жаяу жүруге үндейді. Науқан қатысушылары сондай-ақ автокөліктен бір күнге бас тартқанын арнайы хэштегтерді белгілеп, әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, басқаларды да қосылуға шақырды.

Айта кетейін, әлемдік тәжірибеде аталған акция жыл сайын 22 қыркүйекте ұйымдастырылады.

Жансая Олжабек, Әлішер Медетов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қазақстан арқылы солтүстіктен оңтүстікке қатынау жеңілдемек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир