Президент сайлауына әлі ешбір үміткер ұсынылған жоқ. Өтетін уақыты 6 күн бұрын белгілі болса да, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар кандидаттарын ұсынуға асықпайды, деп хабрлайды Almaty.tv.
Елде кезектен тыс Президент сайлауы 20-сыншы қараша өтетіні 6 күн бұрын белгілі болды. Алайда не саяси партиялар, не қоғамдық ұйымдар әлі күнге дейін үміткерлерді ресми түрде ұсынбады. Кандидаттар тіркелмеген. Орталық сайлау комиссиясының әр отырысына қатысып жүрген Ақ жол, Ауыл, Аманат пен Қазақстан Халық партияларынан бүгін оның себебін сұрадық. Сьез әлі өткізбегендіктен кандидаттар анықталмаған екен. Осыған дейін Аманат партиясының төрағасы Ерлан Қошанов қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға түссе, сол кісіні қолдайтындарын айтқан болатын. Бүгін Халық партиясы да Тоқаевты қолдайтынын жеткізді.
Партиялар қазіргі Президентке таласып жатқанымен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі нақты қай партияның атынан түсетінін айтқан жоқ. Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, бір кандидатты бірнеше ұйым ұсына алады. Бірақ тіркелгенде үміткер бір ғана партияның атынан шығуы керек.
«Егер бірнеше партия 2,3,4 дейік. Бір адамды ұсынғысы келеді дейік. Олар ұсына алады. Бірақ тіркеуге келгенде бір ғана партияның атынан келу керек. Себебі құжат тапсырғанда, нақты қай қоғамдық ұйым оны ұсынды, нақты протокол дейміз ғой. Жоғарғы сьездің шешімі бізге ұсынылады», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.
Алдағы сайлауда «бәріне қарсымын» деген тармақ енгізілетіні белгілі. Бірақ одан еш пайда жоқ болып тұр. Себебі дауыс берушілердің жартысынан көбі оны таңдағанымен, сайлау өтеді. Тек, сайлаушылардың дауысы ескерілмейді.
«Қазіргі қолданыстағы Заңда бұл мәселе реттелмеген. Сондықтан ондай жағдай қалыптасса, қай кандидат елу пайыздан көп дауыс алады, сол жеңген болып есептеледі», – деді ОСК мүшесі Шавкат Өтемісов.
Ал егер бірінші турда елу пайыздан көп дауыс жинаған кандидат болмаса, екінші тур өткізіледі. Онда басым дауыс жинаған екі адам жарысқа түседі. Кім көбірек қолдау тапса, сол жеңген болып саналады. Айта кетейін, елде кезектен тыс президент сайлауы 20 қараша күні өтеді. Ал президенттікке үміткер кандидаттарды тіркеу 11 қазанға дейін жалғасады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан