Елімізде сұйытылған газ бағасы қайта қаралуы мүмкін. Өйткені газ өндіруші қазақстандық компаниялар шығынға ұшырап отырмыз деп шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Елдің Энергетика министрлігі белгілеген баға өнімнің өзіндік құнын өтемейді». Мұндай мәлімдемені «Қазгермұнай» директорының орынбасары Махамбет Елеусінов айтты. Аталған компания жылына 60 мың тоннаға жуық сұйытылған газ өндіреді. Кәсіпорын Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай кен орындарынан шығатын ілеспе мұнай газы мен Оңтүстік Ақсай кенішінен өндірілетін табиғи газды өңдеп, облыс тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз етіп отыр.
– Зауыт бойынша жылына жобалық қуаты 500 миллион шикі газ өндіреді. Қызылорда облысының халқына тауарлы газды 440 миллионға дейін береді. Оған қоса айына 6 мың, жылына 83 мың тоннадай сұйытылған мұнай газ пайдаланылады. Мұнайдың жылдан жылға қоры азайып жатыр, – деді «Қазгермұнай» БК» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусінов.
Шығыны көп газды шығару тиімсіз деген зауытта қондырғыларды күрделі жөндеуден өткізу де мүмкін болмай тұр. Салдарынан газ тапшылығы байқалған. Мәселен өткен жылдың соңында 2-3 апта бойы автогаздың жетіспеушілігі сезілді. Өкініштісі қайтарымы жоқ іске иліге қойған инвестор да табылмай тұр. Ал сұйытылған газ өндіруді жалғастырып жатқан кәсіпорындар мұны шикізат өндіретін өңірлер алдындағы әлеуметтік міндеттеме ретінде ғана атқаруға мәжбүр.
– Біріншіден, инвестиция келмейді өндіріске, инфрақұрылымдық жаңа объектілер салынбайды және бар объектілердің ұлғайтылмайды. Екіншіден, газ өңдеу зауыттарының толық және уақытылы жөндеу жүргізілмейді. Үшіншіден, кадр мәселесі. Төмен жалақы білікті мамандардың басқа өндіріске кетуіне мәжбүрлейді. Үш мәселені жөндеу үшін министрлік жұмыс істеп жатыр, – деді ҚР Энергетика министрлігі Газ өнеркәсібі департаментінің директоры Бақытжан Таубаев.
Белгіленген шекті көтерме баға тоннасына ҚҚС-сыз 40 320 теңге болғанда, сұйытылған газды өндіру құны зауытқа байланысты тоннасына 50- 72 000 теңгені көрсетеді. Бұл шекті баға жанармай құю бекеттеріндегі бөлшек сауданың бағасын төмен ұстауға мүмкіндік берген. Әзірге құнның қаншалықты көтерілетіні белгісіз. Министрліктегілер «қалай болғанда да, баға бірден шарықтап кетпей, кезең-кезеңімен өзгереді» дейді.
Асқар Тәжиев, Ғалымжан Қожақов, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда қоқысқа төленетін тариф қымбаттауы мүмкін