Төтенше жағдай кезінде үй-күйсіз қалғандар енді шатырда тұрмайды. Олар үшін су өткізбейтін, жел мен күннен қорғайтын құрастырмалы баспана беріледі. Уақытша болса да, онда тұруға бар жағдай жасалмақ. Мұндай тартуды Қазақстанға Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері жасап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Апат айтып келмейді. Егер елде төтенше жағдай болып, табиғат апаттары бола қалса одан зардап шеккендерге енді дереу құрастырылмалы үйлер жеткізілетін болды. 17 шаршы мерді құрайтын уақытша тұрақ ең қажетті жабдықпен жабдықталған. Іші кең, өзі берік. Шатырына күн батареялары орнатылған. Соның арқасында азаматтар түнде жарықсыз қалмайды әрі қуат көзін еркін пайдалана алады.
Құрастырылмалы баспана полиолефиндік материалдан жасалған. Яғни жазда ыстық болмайды, жаңбыр жауса су өткізбеді және желден де қорғайды. Ал шағын болғанына қарамастан, мұнда 5 адамның өмір сүруіне мүмкіндік бар.
Жеңіл материалдан әзірленген мұндай үйді жинау да оңай. Баспананы небәрі 4 сағаттың ішінде құрастыруға болады. Мұндай тартуды елімізге Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері жасап отыр. Қазақстан халқы әсіресе, су тасқынынан жиі зардап шегетінін ескерген олар «барар жер басар тауы қалмағандарға» осындай баспана ауадай қажет дейді. Сондықтан бірден 48 құрылмалы үйді тегін беріп отыр.
«Мұндай құралмалы үйлерді БҰҰ-мы алғашында босқындар үшін арнайы ойлап тапқан болатын. Кейіннен мұндай баспаналарға бүкіл әлем бойынша сұраныс артып, қазір көптеген елде төтенше жағдай кезінде пайдаланылады», – деді БҰҰ-ның Жоғары комиссары басқармасының Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Урара ФУРУКАВА.
Құрастырмалы үйлер табиғи зұлматтардан жиі зардап шегетін Оңтүстік Шығыс Азия және Таяу Шығыс, сондай-ақ Африка елдерінде кеңінен қолданылады екен. Уақытша болғанына қарамастан, сұранысқа жоғары баснананың құны да қымбат. Бір үйдің бағасының өзі 507 мың теңгеден асады екен. Ал БҰҰ біздің елге берген 48 баспана үшін бір тиын да талап етпепті. Тек бұрыннан бері бірлесіп жұмыс істейтін «Қызыл Ай» қоғамына тегін берген.
«Алматы, Алматы облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Жамбыл облысы сейсмикалық аймақта тұрады. Жер сілкінісі болатын болса, үй қираса, онда осындай үйлер өте қажет болады. Біз баспаналарды уақытша, Үкімет үйсіз-күйсіз қалған адамдарды тұрақты баспанамен қамтамасыз еткенше береміз», – деді «Қазақстан Қызыл Ай» қоғамының президенті Еркебек АРҒЫМБАЕВ.
Уақытша тұрақ «Қызыл Ай» қоғамының Алматыдағы қоймасында сақталады. Бірақ төтенше жағдайлар туындап, өзге өңірлерден сұраныс түссе, олар үйді дереу жеткізуге дайын. Сондай-ақ, бұл баспананы Ұлттық гвардия мен төтеншеліктер де қолдана алады.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы