«Жазатайым оқиға орын алмайынша, біздің базынамыз орындала қоймас». Жаңадан салынған үйлердің сыртының опырылып құлауынан әбден зәрезап болып, күн сайын жанын шүберекке түйіп отырған Алматының Алатау ауданына қарасты «Нұркент» шағынауданы тұрғындарының сөзін Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтқан болатын.
Күн райы құбылса, балаларымызды жапа-тармағай үйге алып кіруге асығамыз дейді олар. Себебі, гипстен жасалған қасбет жаңбыр жауса ісініп, жел тұрса жерге құлап жатыр. «Нұркенттіктер» ауа райын болжап шаршағанын айтуда. Әзірге адам шығыны жоқ, бірақ мүліктерімізге кесірін тигізуде дейді тұрғындар. Өткен аптада қатты желдің салдарынан мұндағы біраз автокөліктер бүлінген. Ал, олар осындағы біраз отбасының негізгі кіріс көзі болып отырған жайы бар. Қолданысқа берілгеніне небәрі 3 жыл болған үйлердің сыртқы әрлеу жұмыстарына жауапты мекеме тіпті төбе көрсетуден қалған.
«Мүмкіндік болса, жергілікті билік немесе тиісті орындар көмектессе. Өйткені, бұл автокөлік өзімізге кіріс әкеліп отыр еді. Күйеуім жұмыс істемейді. Балам студент. Осы машинаға қарап отырмыз. Келіп, жағдайды көзбен көріп кетіп жатқан кісілер көмектесетін шығар деген үмітте отырмыз», – дейді осы шағынауданның тұрғыны Балқия МАУТАЛИ.
Бұл алғашқы және соңғы бүлінген көлік емес. Осы уақытқа дейін үйлердің опырылған қасбеті 10-нан астам автокөлікке залал келтірген екен. Ал терезесі шағылып, төбесі ойылған бірқатар көлік тіпті ерікті сақтандырылмаған да болып шықты. Мамандар болса осы қызмет түрін алып, алдын ала қамдану керектігін алға тартуда.
«Мұндай жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі. Түптеп келгенде, шығынды мердігер құрылыс компаниясы өтеп беруі тиіс. Алайда, осындай оқиғаның алдын алу үшін ерікті сақтандыру пакетін сатып алған дұрыс. Себебі ондай сақтандыру иелерінің қандай да бір мүлкі бүлінсе, шығынын компания өтейді, тіпті жылына бірнеше рет орын алса да», – дейді Nomad Insurance сақтандыру компаниясының бас маманы Данияр САТЫБАЛДИНОВ.
Ал тұрғындар жауаптылар жазатайым оқиға болса ғана, мәселеміз шешеді деген пікірде.
«Бұл біздің барлық тұрғын үйдің бас ауруына айналды. 2016 жылы осында көшіп келгелі бері жазбаған жеріміз, баспаған табалдырығымыз қалмады. Үйлердің қасбеті гипстен жасалғандықтан, жаңбыр жауса ісініп, салмағын көтере алмай құлап жатыр. Осы мәселемен 4 жылдан бері алысып келеміз», – дейді «Нұркент» ПИК төрағасы Ержан СЕЛДЕРБАЕВ.
«Былтыр үйдің қасбеті құлап, машинаның үстіне түскен болатын. Қайта бер жағында балалар жүрген, оларға тимей қалды. Енді бұған назар аудармаса, бір шара қолданбаса болмайды. Әйтпесе, үйдің салынғанына үш-ақ жыл болды ғой, төртінші жылға енді аяқ басты», – дейді тұрғындардың бірі.
Жалпы, тұрғындар өздерінен бұрын, балалары үшін қорқатынын айтып, мұң шағуда. Қасбеттің құлағаны бер жағы, шатырдан су ағады дейді олар.
«Тура көз алдымда қасбет құлады, қолымда балам бар еді, бізге тиюге шақ қалды. Сәл болмағанда, балам екеуміздің бірдей үйінді астында қалуымыз мүмкін еді», – деді оқыс жағдайдың куәгері болған бір тұрғын.
Жұрттың айтуынша, бұл олқылыққа «Жер-Олжа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Үйлердің қасбетін жасамақ түгілі, компания қызметкерлерінің өзі төбе көрсетуден қалған. Ал қалалық әкімдік сотқа бірнеше рет шағым түсірген.
«Басқарма тарапынан сотқа екінші рет шағым түсірдік. Осы айда сот отырысы болса, жауапты құрылыс компаниясы салған тұрғын үйлердің барлығының қасбетін қайта жасап шығуы тиіс. Бұған дейін де олар ескертпелерді толық орындамай келді. 2014 жылы 18 тұрғын үй пайдалануға беріліп, қала меншігіне өткен болатын. Қасбеттің құлау фактісі кейін пайдалану барысында анықталды», – дейді Алматы қаласы Жайлы қалалық орта басқармасы тұрғын үй саясаты бөлімінің жетекшісі РУСЛАН САҚТАҒАНОВ
Жауапты мекеменің айтуынша, қазіргі таңда аталған компания жұмысын уақытша тоқтатқан. Тиісінше, келтірілген залалын қашан қалыпқа келтіретіні де белгісіз. Дегенмен тұрғындар талаптары орындалмайынша, алған беттерінен қайтпайтындарын қадап айтуда.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы