Алматы облысында бюджеттің 500 миллион теңгесіне тартылған газ құбыры қараусыз қалғандықтан құлап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Ал 3 ауылдық округтің 15 мыңнан астам тұрғыны 5 жыл бұрын тартылған құбырдан әлі күнге көгілдір отынның келмегеніне наразы.
Аталған қаржыға «Алматы газ монтаж» АҚ мердігер ретінде 45 шақырымдық құбырды тартқан. Бірақ одан бері 5 жыл өтсе де, көгілдір отын сол қалпы ауылға жеткен жоқ. Ақсеңгір ауылының тұрғындары су мәселесін шеше алмай отырған басшылардың газ әкелеміз дегеніне тіпті сенбейді де.
«ХХI ғасырда тұрамыз, бірақ әлі күнге үйімізде ауыз су да жоқ. Амал қанша, көрші ауылдардан тасып, не дүкеннен сатып алып ішеміз. Күніне екі-ақ сағат су береді. Газ атымен жоқ. Уәде беріп келе жатқандарына қанша жыл болды», – дейді наразы тұрғындар.
Жамбыл ауданына қарасты Қызылсоқ пен Қазыбек бекеті арасындағы магистральді газ жолының бойында 15 мыңнан астам халық тұратын 5 ауыл бар. Халық былай тұрсын, ауылдық округтің әкімдерінің өзі де жоғарыдағылардың ісін түсіне алар емес. Қожайынсыз қалған құбыр құлап, халық күдерін үзген. Әкімдер онсыз да шалғайда жатқан жұрттың жұмысын жандандыруға осы бір келеңсіздік кедергі келтіріп тұр дейді.
«Аулымызда жалғыз мектеп пен үлкен бір аурухана бар. Мұндағы зауыттың жұмысын жандандыруға да газ керек. Салынғанына бес жыл болған үлкен «Алатау» қонақ үй кешенінің де күні соған қарап тұр. Қазақша айтқанда, бәріміз сол газды сарғая күтіп отырмыз. Жанымыздан өтіп жатқан газ Талдықорғанға барды, ал біз міне түбінде отырып соған әлі зармыз. Әрине, халықтың реніші орынды», – дейді Алматы облысы Жамбыл ауданы Теміржол ауылдық округінің әкімі Қайратхан БАЙМОЛДАЕВ.
«Елдімекенде 787 түтін бар, бірақ әлі күнге газ жоқ. Қараусыз қалған соң құбырлардың кейбір жері құлап та жатқан жайы бар. Шамамыз келгенше қалпына келтіріп жатырмыз. Дегенмен қараусыз дүниенің аты – қараусыз. Тездетіп ауылға газ тартылса жақсы болар еді», – дейді Алматы облысы Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылдық округінің әкімі Ержан ҚАСЫМШАЛОВ.
Жамбыл аудандық әкімдігінің өкілдері қаңырап құлап жатқан құбырға Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жауапты дейді. Айтуларынша, аталған басқарма ешкімге газ бермей отырған көрінеді.
«Қазіргі уақытта облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық басқармасына ары қарай эксплуатацияға беру бойынша, сенімді басқаруға ұсыныс берілді», – дейді Алматы облысы Жамбыл ауданы ТҮКШ және инспекциясы бөлімінің басшысы Ержан ЖҰРТШИЕВ.
Аудан басшының сөзінен түсінгеніміз, осыған дейін уақыт тек қажет құжаттарды реттеуге ғана кеткен. Енді облыс істі сенімді басқаруға берсе, ауылдардың арасына газ тартуға ниетті компания дайын көрінеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы