«Еріктілердің біздің өміріміздегі рөлі». Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапхасында осындай атаумен «Еріктілер лигасының» төрайымы Айсұлу Ерниязова жастармен кездесуі өткізді. «Жас Отан» Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы ұйымдастырған шараға 70-ке жуық студент пен қаламыздың белсенді жастары қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еркін форматта өткен кездесуде белсенді болу, ерікті болу секілді түрлі тақырыптар қозғалды. Сөз алған спикерлер волонтерлық жұмыстың пайдасы туралы өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың айтуынша, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында өткен Азиада, Универсиада және ЭКСПО сынды шаралар еліміздегі еріктілер жұмысының дамуына серпін берген.
«Қазіргі таңда Алматы қаласында еліміздегі 5 мыңнан астам барша еріктілердің басын біріктіретін ең үлкен волонтерлық корпус қалыптасқан. Бұл волонтерлық бізге не береді десек, ең алдымен ол өз айналаңдағы адамға, тұрып жатқан жеріңе, білім алып жүрген оқу ордаңа немқұрайлы қарамай, оған өз үлесіңді қосуға үйретеді. Жақсы істер жасау арқылы жаңа достар табасың. Қысқасы, ең кемі күніне бір мұқтаж адамға пайдаңды тигізуге керектігін түсінесің», – дейді Алматы қалалық «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Мәди АХМЕТОВ.