Ұлытау облысының тұрғындары суға жарымай отыр. Бұқара тіршілік нәрін ақпан айынан бері жөнді тұтына алмай келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жезқазғанның орталығында орналасқан Шевченко көшесіндегі қай үйге кірсеңіз де иесі «су жоқ» деп мұңаяды. Апта емес, айлап тіршілік нәрінсіз отырғандар бөтелкемен тасудан шаршаған. Күн сайын су сатып алуды халықтың қалтасы көтермейтіні тағы бар. Амалдап отырған ағайынның қатарында жасы 80-ге келіп, дүкен жағалап жүрген қария да бар.
– Кей жер береді, кей жер бермейді. Әкімдіктегілер де түк істей алмаймын деп отыр. Ыстық судың құбыры жарылып қалса, өзіміз істейміз, көмектеспейді. Суық сусыз өмір сүріп көріңіз, ыстық сумен шомыла алмайсың, – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Аманкелді Бегімбетов.
– Бір ай болды, кір суды жылытып, жуынып, шайынуға, кір жууға мәжбүрміз. Кішкентай бала-шағамыз бар. Суға да, жылуға ақшасын төлеп отырмыз. Түбіртек бар. Тиісті қызметті ала алмайтын болсақ не үшін төлейміз? – деді Жезқазған қаласының тұрғыны Светлана Лазован.
Қаз-қатар тізілген 5 литрлік бөтелкелермен күнелткен тұрғындардың мұңын Жезқазған қалалық әкімдігіне жеткіздік. Өтінішпен ешкім келіп шағым қалдырған жоқ деген тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы «бұл баспаналар жеке сектор болғандықтан, тұрғындар өздері қызмет көрсетуі керек» деп мәселені жылы жаба салды.
– Қалада 95 мың халық бар. Әрқайсының өзінің жауапты құбыры бар. Бәріне бірдей әкімшілік жауап бермейді. Негізгі орталық жүйеді су бар. Барлығын қадағалап отырмыз. Магистралкадан келіп тұрған суды жеткізу өз мүддесі үшін қажет, – деді Жезқазған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Қанат Бекжігітов.
Үлкен қалада отырып, суға жарымаған тұрғындар бұл мәселені бір жақты етуді талап етеді. Қолдан келер қайраны жоқ көпшілік суды шығарып беретін техниканы ақысын төлейтінін де жеткізді. Ал бұқара сөзіне бас қатырмаған әкімдік мәселені жуық арада шешпейтін сыңайлы.
Алтынгүл Төлегенова, Наргиза Жанабекова, «Алматы» телеарнасы» Ұлытау облысынан
Оқи отырыңыз: Атыраулықтар апатты жағдайда тұрған ауруханада емделуге мәжбүр