Заңдастырылмаған шетелдік автокөліктерді тіркеуге болады. Бірақ Қазақстандық есепке алыну үшін темір тұлпар иесі заңға сәйкес тиісті барлық төлемдерді жасайды. Бұл туралы ІІМ-нің өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тіркеуден өткен жеңіл көлік саны бойынша, былтырғы көрсеткіш соңғы онжылдықтағыдан асып түсті. Оған 2023 жылы легализация науқаны әсер етті. ІІМ-нің дерегінше, сол аралықта 300 мыңнан аса машина заңдастырылған. Науқан 31 желтоқсанда аяқталды. Алайда оған қатысты мәселе әлі де бар.
Көлікті Армениядан әкелген Асхат Берсәлімов «жолдаған өтінішіме жауап келгенше, науқан өтіп кетті» дейді. Оның айтуынша, таныстары да осындай жағдайға кез болған. Кейбіріне машинасының заңдастыруға жатпайтыны бірден хабарланған. Ал біразына ондай да жауап келмеген көрінеді.
– Өтінім 1 шілдеге дейін беру керек. Бәріміз өтініш жолдадық. Бірақ одан әлі хабар жоқ, – деді қала тұрғыны Асхат Берсәлімов.
Көлігін заңдастыра алмағандар енді «темір тұлпарсыз қаламыз ба?» деп алаңдаулы. Оған себеп те бар, өйткені былтырғы 12 қаңтардан бастап қазақстандықтарға шетелдік есептегі көліктерді сақтандыруға тыйым салынған. Ал ІІМ өкілдері науқаннан тыс қалғандарға басқа мүмкіндік барын айтты.
– Олар техникалық және экологиялық талаптарға сәйкес келген жағдайда, барлық төлемді төлесе, тіркеледі. Автокөлік иелеріне белгіленген тәртіпте тіркелмеген көлікті пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартатынын еске саламыз, – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Алтынбек Жамалиев.
Құзырлы органдағылар нақты қандай шаралар қолданылатынын әзірге ашық айтпады. Көлігінде шетелдік нөмір тұрған қазақстандықтар айыппұлмен құтыла ма, не тұлпары айып тұрағына тоғытыла ма белгісіз?
Былтыр легализация науқанында заңдастырылған 304 мыңнан аса көліктің 21 мыңы автоконструктор ретінде, 55 мың көлік уақытша есепке алынған.
Оразай Нұртайұлы, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында мектеп автобустарының саны артады