«Көкжиек» ықшамауданының тұрғындары ПИК басшылығына наразы

«Көкжиек» ықшамауданының тұрғындары ПИК басшылығына наразы
Өйткені мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйлер 10 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда пәтер иелері кооперативіне көңілі толмаған бір топ тұрғын шу шығарды. Олар ПИК қалтаға ақшаны басқанды ғана біледі деп шағымданды. Сөздерінше, ай сайын қорға деп жинаған қаражаттары қажеттіліктеріне жұмсалмай жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шатыр шұрқ тесік болып, тұрғын үй бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Енді амалы таусылған халық пәтер иелері кооперативін ауыстырғылары келеді. Тек мекеме  тиісті құжаттарды бермей қашып жүр дейді. Дүйім елдің арызын біздің тілші де тыңдап қайтты.

Алматыдағы «Көкжиек» ықшамауданының тұрғындары ПИК басшылығына наразы. Өйткені мемлекеттік бағдарламамен салынған көпқабатты үйлер 10 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Тұрғын үй  қабырғаларының бояуы кетіп, баспалдақтары опырылып кетіпті. Базынамыз пәтер иелері кооперативіне жетпеді деген тұрғындар қайда барарларын білмей дал. Айтуларынша, кіреберісте жарық жоқ. Шатырлар тесіліп, айнала абаттандырылмай жатыр. Оған қоса, қоқыс уақытылы жиналмайды деп шағымданды.

«Мен шатырдың астында 6 қабатта тұрамын. Фасилитидің адамдарын шақырдым. Келмейді. Шатырды жаса десем. Бір рет келді де, «ағып тұрған жоқ қой» деп бұрылып кетіп қалады. Жаңбыр жауғанда ағады ғой су деген. Шатырымыз түнде жел соққан кезде даңғұр-даңғұр етіп, ұйқы бермейді», – деді Мәулен ЕДІЛБАЕВ.

Халық бірауыздан оларға қызмет көрсететін пәтер иелері кооператиінен бас тартқылары келеді. Дегенмен, олар тиісті құжаттарды бермей жүр. Сондықтан, әзірге басқасына ауысу мүмкін болмай отыр.

«Тұрғындар жиналып жиналыс өткіздік. Өткенде «Біз мынандай басқа компанияға кетейін деп жатырмыз. Келісім-шарт қолымызда» деп, апарып көрсеттік. Бірінші АЛСЕКО-ға апарып тастадық. Олар «біз сіздерді басқа компанияға өткізе алмаймыз, сіздер бірінші жаңағы компанияға барып айтыңыздар» деді. Енді бізге косметикалық емес, түбегейлі жөндеу керек. Ал оған ақша жоқ», – деді Лаура БЕКАРЫСТАНОВА.

Ал пәтер иелері кооперативінің айтар өз уәжі бар. Олар тұрғындардан түсетін өтініштердің бірін де аяқсыз қалдырмаймыз дейді. Берілген шағымдар қаралып, дереу шешіледі дегенді алға тартты. Сөздерінше, «Көкжиек» ықшамауданындағы тұрғын үйлерге 5 ПИК қызмет көрсетеді. Өзгенің аумағына біз жауапты емеспіз деген Фасилити компаниясы көп жағдайда халық бізді түсінбейді дейді. ПИК басшылығы, жөндеуге қатысты айтқан тұрғындардың пікірімен мүлде келіспейді.

«Бізге артады көбінесе. Сол үшін КСК көп болғаннан кейін әркім өз территориясын жөнді білмейді. Сол үшін шығар. Осы ақпан айыннан бастап бүгінге дейін 10 үйді жөндеуден өткізіп қойдық. Косметикалық жөндеу болды.  Негізі оның бәріне тұрғындардың өздері кінәлі. Өз үйлеріне қалай болса, солай қарайды», – деді «Facility Management Group» ЖШС «Көкжием» ықшамауданы бойынша учаске басшысы Амангелді КЕРІМҚҰЛОВ.

Енді тұрғындар пәтер иелері кооперативінен тиісті құжаттарды алуды көздейді. Кейін маңызды миссияны көп жылдан бері жұмыс істеп жүрген басқа ПИК-ке тапсырмақ.

Жадыра Омаржан, Жадыра Жалдыбаева, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров