Көпбалалы аналарды қолдауға арналған нысан Жетісу ауданы тұрғындарын көмекпен қамтымақ. Қос қабатты ғимаратта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстар өткізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған қоса, бизнес жоспар құрып, 500 мың теңге көлемінде іс бастау үшін грант алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, құқықтық көмек көрсетіледі. Және онда көпбалалы аналарға психологтар кеңес береді.
«Ата-аналар осы жерге келіп, тіркеледі. Анкета толтырғанда өзі мен жанұясына қандай әлеуметтік көмек керек екенін көрсетеді. Сөйтіп, әлеуметтік жұмыскерлерге тапсырады. Олар аталған мәліметтерді базаға кіргізеді», – деді «Бақытты отбасы» қалалық бағдарламасының үйлестірушісі Жұмагүл ТӘЖІБЕКОВА.
Айта кетейік, «Бақытты отбасы» орталықтарын ауданнан ашу туралы игі бастаманы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев тапсырған болатын. Енді ертең Алмалы ауданынан тура осындай нысан ашылғалы отыр.
Еске сала кетейік, Жетісу ауданында 1260 көпбалалы ана бар. Оның 648-і атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұдан былай мамандар көпбалалы аналарды сабылтпас үшін аудандық орталыққа тіркеп алады.
«Өзіміздің ауданда осындай орталық ашылғанына қуанып жатырмыз. Өйткені балаларымыз далада жүгіріп жүрмей, сурет салу, жүзу секілді түрлі курстарға қатысады», – деді көпбалалы ана Шолпан БЕКЕНОВА.