Алматы облысы Мыңбаев ауылында мыңнан аса отбасы газсыз отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
5 мың тұрғыны бар Мыңбаев ауылында газ құбырына 1100 тұрғын қосылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысы Мыңбаев ауылында мыңнан аса отбасы газсыз отыр. Кесірінен бала-шағамыз күнде ауырады деп бас көтерген халық жергілікті биліктің бұл мәселені шешуін талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаевтағы мұқым елдің көгілдір отынсыз отырғанына екі апта болыпты. Олардың айтуынша, газ құбырына жауаптылар елді есепсіз құбырға қосып, соңында газ жеткізе алмай қалған.

«Тәуекел газ құбырынан жылу алғалы үш жыл болды. Үш жылдан бері осы – проблема. Тесіктерін дұрыс теспеген, тоғыз құбырды аштырып, жасатқанбыз», – деді Мыңбаев ауылының тұрғыны Қайрат Шаймұратов.

«Ақшасын төлемесең бірден келіп қиып кетеді. Енді білмеймін осы мәселені шешпесе қалай болатынын, не болатынын?  Не тамақ жасай алмайсың, үйдің іші суық. Үйде кішкентай балалар бар. Газдың құбыры құлағалы тұр», – деді Мыңбаев ауылының тұрғыны Жанна Сәдуова.

Ал газ қазандығын қайта-қайта ауыстырып қалтасы жұқарған Ділшат Әленов балаларының  балабақшаға бармағанын айтты.  Бөбекжайға баратындардан бөлек, азынаған үйде екі баласы да ауырып, мектепке бармапты.

«Әнегүні ғана жөндеу жұмысын жүргізді. Бәрін ауыстырған, бәрін тазалаған, бірақ жылымайды», – деді Мыңбаев ауылының тұрғыны Ділшәт Әленов.

Әленовтер әулеті жылусыз әуреге түскелі бір аптағы жуықтапты. Үйдің іші азынап, терезе маңына жолау мүмкін емес, ал тоқ пештің тұтас үйді жылытуға шамасы жоқ. Сондықтан осылай қабат-қабат киінуге мәжбүр.

«Балалар жаурап кеше сабақ оқи алмады. Сенбі, жексенбі күні жуындыра алмадым. Бүгін таңертең қызым да балабақшаға бармады, екі кішкентайым жөтеліп, ауырып тұр», – деді көпбалалы ана Қалыбынұр Жандосова

Ал 5 мың тұрғыны бар Мыңбаев ауылының әкімі газ құбырына 1100 тұрғын қосылғанын айтады. Алайда олардың кейбірінде газ отыны аз да болсын бар деп ақталды. Ал жаңа сайланған әкім бұл мәселені енді қолға алып жатыр екен.

«Қарасу, Шолаққарғалы, Мыңбаев ауылдарында осындай мәселе болды. Соны бүгінгі күнде өзімнің орынбарасыма, және ЖКХ бөлім басшыларына тапсырдым, бүгін шешіп жатыр.  Кей жерде қысым аз, ал кей жерде мүлдеп жоқ. Шынын айту керек», – деді Мыңбаев ауылдық округіінң әкімі Темірлан Төлебеков.

«Түні бойы қызметкерлер жұмыста жүр. Ешкім демалып жатқан жоқ. Қазір анықтаймыз, қосамыз», – деді «Тауекел-газ құбыры» ЖШС директоры Қазбек Ғабиден.

Бәрін қатырамыз деген басшы бүгін-ертең түйткіл шешіледі деп сендірді. Ал бойы жылымай отырған жұртқа күтуден басқа амал жоқ.

Әлібек Шынтемір, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров