Comic Con фестивалі: Астанада 162 косплейші бақ сынасты

Almaty.tv
Almaty.tv
Іс -шараға белгілі Голливуд актері Майкл Рукер қатысты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада халықаралық Comic Con фестивалі өтті. Іс -шараға белгілі Голливуд актері Майкл Рукер қатысты. Мәртебелі мейман Marvel жобаларының көрермендеріне «Галактика сақшылары» трилогиясымен жақсы таныс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш күн бойы елордалықтар ертегі әлеміне еніп кеткендей болды. Бұрын-соңды теледидардан тамашалап, қызыға қарайтын кейіпкерлермен жүздесудің сәті түсті. Өрмекші адам, Супермен, Бэтмэн сынды Голливуд батырларын көрді. Сайысқа қатысқан 162 косплейшінің 40 пайызы кәрі құрлық пен ТМД елдерінен арнайы шақыртылған.

– Мен байқауға алғашқы күні қатыстым. Өкінішке қарай, ақтық сынға өте алмадым. 21 жастамын. Үстімдегі костюмді арнайы осы сайыс үшін тіктірдім. Шамамен 1,5 ай уақыт кетті. Финалға өте алмасам да, қатысқаным үшін қуаныштымын. Үлкен тәжірибе болды, – деді «Comic Con Astana» фестивалінің қатысушысы Екатерина Маевская.

Іс-шара барысында косплей байқауы да ұйымдастырылды. Оның жүлде қоры – 10 миллион теңге. Фестивальдің басты қонақтары – хедлайнерлер. Қатарында әлемдік деңгейдегі актерлер, «Галактика сақшылары» жұлдыздары бар. 150-ден аса авторға өнімдерін жарнамалап, тұсаукесер өткізуге мүмкіндік туды.

– Бұл – кино, музыкаға арналған арнайы іс-шара. Үш күн бойы Конгресс орталығында 70 мыңға жуық адам жиналды. Шеберлік сағаттары өткізілді, – деді «Comic Con Astana» фестивалінің pr директоры Жамиля Хангельдина

Халықаралық фестиваль елорда төрінде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет 2019 жылы өтті. Биылғы фестиваль 70 мың адамды қамтыған.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Алматыда Бибігүл Төлегенова атындағы халықаралық вокалистер конкурсы мәресіне жетті

Новости партнеров