Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» үздік батырлар жыры, әндер мен күйлер, айтыс шумақтары, тіпті нақыл сөздер мен ертегілерге дейін енген «Дала фольклорының антологиясы» жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жинақ Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында еліміздің Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан. Кітап пішінінде болғанымен, оның шінде арнайы дискілері бар. Оған ел сүйіп тыңдайтын әндердің алғашқы орындаушылар айтқан нұсқасы енген. Мәселен, Әміре Қашаубаев пен Кенен Әзірбаев орындаған туындылар олардың өз дауыстарымен салынған.
Бұдан басқа Манарбек Ержанов, Қали Байжанов, Байғабыл Жылқыбаев сынды дауылпаз жыршылардың әні де осы жинақта. Ал, күйлерден Дина Нұрпейісова, Жаппас Қаламбаев, Әбікен Хасенов пен Мағауия Хамзиннің орындауындағы құнды шығармалар топтастырылған.
Жиында сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі министр Дәурен Абаев ғасырмен құрдас Қазақ радиосының антологиясы келешек ұрпаққа өте құнды жәдігер болатынын айтты.
«100 жылға жуық тарихы бар Қазақ радиосының Алтын қорында сақталған рухани мұрамызды жарыққа шығаруды маңызды әрі елеулі оқиға деп ойлаймын. Ең алдымен, бұл жоба арқылы балалардың санасына бабаларымыздың бай мұрасын сіңіреміз. Ұлтымыздың фольклорын біліп өскен ұрпақ ешқашан ұтылмайды. Өйткені ертегілеріміз бен батырлар жырында ұлттың мұраты, бабалар аманаты, даланың кеңдігі, қазақтың дархан да жауынгер болмысы бейнеленген», – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен АБАЕВ.
«Қазақ радиолары» директоры Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, жинақ жеті бөлімнен тұрады. Мың данамен шыққан «Дала фольклорының антологиясы» жоғарғы оқу орындарына, өнер мектептері мен кітапханаларға таратылады. Ал, қазақстандықтар мен шетелдіктер оны арнайы сайт пен мобильді қосымшададан қарай алады.