«Шұғыла» шағынауданына көгілдір отын берілетін күн таяу

«Шұғыла» шағынауданына көгілдір отын берілетін күн таяу
Бақытжан Сағынтаев шағынаудан мәселесін 1 тамызға дейін реттеуді тапсырған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімінің тапсырмасынан кейін «Шұғыла» шағынауданы тұрғындарының жылдар бойы қордаланған мәселелері біртіндеп шешіле бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естеріңізде болса, қала басшысы шағынаудан мәселесін 1 тамызға дейін реттеуді тапсырған еді. Үйлер мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып, қолданысқа беріліп қойса да, 15 шақты үйге газ тек биыл ғана тартылып жатыр. Сондай-ақ, тозығы жеткен аулалардың жолы тегістеліп, балаларға арналған ойын алаңының құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың Наурызбай ауданына жасаған алғашқы сапары кезінде біраз сын айтылған еді. Әсіресе, «Шұғыла» шағынауданының тұрғындары газ, жол мен ойын алаңдарының тапшылығын айтқан еді. Кездесуден соң қала басшысы біраз мәселе қанығып, қол астындағыларға бірден тапсырма берген еді. Қазір сол олқылықтар жөнделіп, 6 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіпті. Алда тағы шамамен 5 мың шаршы аумақ тегістеледі деп жоспарланып отыр.

Ал 1000 шақты пәтер енді 1 тамызға дейін көгілдір отынға толықтай қосылатын болды. Сондай-ақ, 8 мың шаршы метр аумақ абаттандырылады. Отырғыштар, кішігірім теннис үстелі мен турниктер де қойылады. Халық үшін футбол және балалар ойын алаңы салынады. Оған қоса, жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мердігер мекеменің орнатып кеткен сапасыз алаңы да қайта ауыстырылады. Аулаларында құрылыс қызған халық оң өзгерістерге шын қуанғандарын жеткізді.

«Ауданнан пәтер алып, көшіп келгенімізде көп нәрсе уәде еткен болатын. Бірақ алаң болған жоқ. Күзде бір нәрсе бастағандай болды, бірақ әйтеуір көңіл толмайтындай бір нәрсені жасады да кетті», – дейді тұрғын.

«Сенесіздер ме, тамақ істейтін газ жоқ мұнда. Электр плитаға істеп отырмыз. Қанша адамдар плитаны айына екі-үш рет ауыстырады. Басында бізге «бір айдан кейін газ келеді» деген болатын. Солайша бізді олар ай сайын алдап келді», – дейді келесі бір тұрғын.

Қазір аудан әкімдігі тіпті үйдің маңында арнайы жұмыс кестесін де орнатып қойыпты. Онда құрылысты жүргізіп жатқан мекеменің нөмірі мен тапсырманың орындалу уақытына дейін көрсетілген. Қазір алға қойылған жоспардан ауытқу болмады дейді жергілікті аудан әкімдігі.

«Ауданда туындаған мәселелерді үлкен плакатқа тізіп жазып, шешілу жолдарын қарастырдық. Сөйтіп, осындай жоспар дайындап, іліп қойдық. Мәселен, газ тартуды 1 тамызға дейін шешеміз. Жалпы, біразы осы уақытқа дейін бітеді. Тек көріктендіру бойынша ағаш отырғызу күз айына қалады. Халық үшін де барлығы ашық. Күнделікті жиналыс өткізіп, хабардар етіп отырмыз», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жандос ТӘКІБАЕВ.

Айта кетейік, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға 1 тамызда арнайы келіп атқарылған жұмыстарды тексеретінін айтқан болатын. Әзірге межелі күнге дейін 15 күндей уақыт бар.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров