Борышкермен жұмыс істейтін коллектордың заңсыз әрекеті жазаланады – Ұлттық банк

Борышкермен жұмыс істейтін коллектордың заңсыз әрекеті жазаланады – Ұлттық банк
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің Ұлттық банкі жосықсыз коллекторлық агенттіктердің «қара тізімін» жасады. Оған қарызды өндіру бағытында заңсыз әрекет етіп жүрген мекемелер ілігуде. Былтыр 14 агенттікке санкциялар мен ықпал етудің шектеулі шаралары қолданылған. Ал бұл нендей заңбұзушылықтар? Бұл жайында сарапшылар не дейді? Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Бет-жүзін көрсетуді қаламаған азаматша банктен 1 миллион теңге несие алған. Қарызының жартысын төлеп болғанда, жұмыстан қысқартуға ұшырайды. Қиын жағдайға тап болған соң банктен төлемді жарты жылға дейін шегеруін сұрайды. Алайда, бұған келіспеген қаржы мекемесі өсімпұл тағайындап, оның құжаттарын коллекторлық агенттікке өткізіп жіберген.  

«Банк менің ісімді коллекторларға өткізді. Сөйтіп ең қорқынышты күндер басталды. Бастапқыда біз айына 10 мың теңгеден төлейміз деп келістік. Алайда, осыдан бір ай бұрын олар маған хабарласып, «бүкіл соманы, атап айтсам, 768 мың теңгені бір күнде, яғни келіскен мерзімнен бұрын жауып таста» деп қорқытып, үркіте бастады. Тіпті, былапыт сөздер айтып, ар-ұжданыма сөз келтірді. Оны қойшы, менің басқа қаладағы 80-ге таяп қалған әжеме күнде қоңырау шалып, «жедел топ жібереміз, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жібереміз, мүлкіңізді тәркілейміз» деп қорқытады. Әжемнің қан қысымы көтеріліп, күнде жедел жәрдем шақырады. Мұнымен қалай күресетінімді білмей дал болдым», – дейді АЙЖАН атты азаматша.

Көп жылдық тәжірибесі бар қорғаушы Азамат Тұтқышев коллекторлардың заңсыз жұмысына шағымданатындардың көптігін айтады. Осы мәселемен өзіне айына он шақты адам жүгінеді екен.

«Өкінішке қарай, коллекторлардың дөрекі сөйлеп, тіпті қорқытып, үркітетін кездерін айтып, шағымданатындар көп. Оларға бүкіл айтылған әңгімені аудиотіркеуішке жазып алуларына кеңес беремін. Қай нөмірден хабарласты, өзін қалай деп таныстырды, барлығын көрсетіп жазған арызды Ұлттық банктегі коллекторлық қызметті бақылайтын арнайы ведомствоға жолдауы керек», – деді қорғаушы Азамат ТҰТҚЫШЕВ. 

Иә, Ұлттық банкте коллекторлардың қызметін бақылайтын арнайы ведомство бар. Былтыр оған 240 шағым түскен. Талдау жүргізіліп, ең өрескел заң бұзған коллекторлық агенттіктер жауапқа тартылыпты.  

«Былтыр Ұлттық банк 9 коллекторлық агенттікке ескертудің жазбаша ұйғарым хатын жіберді, ал 5 агенттікке айыппұл салды. Олардың басым бөлігі кеңселерінде бейне және аудиотехниканы орнатпаған болып шықты. Бұдан бөлек, борышкерге қарызы бойынша қате ақпарат берген. Коллекторлардың жұмысында қылмыстық жаза қолданылатын әрекетті байқаған жағдайда Ұлттық банк аталған ақпаратты құқық қорғау органдарына жолдайды», – деді ҚР Ұлттық банкі Сыртқы коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Данияр СҮТЖАНОВ.

Алайда, қорқытып-үркіту тек коллекторлар тарапынан емес, борышкерлерден де келіп түсетін жайттар жоқ емес. Коллекторлық қызметте 7 жыл жұмыс істеп келген Асхат Сұңғатов тәжірибесінде қарызгерлерден қысым көрсетілгенін айтады.  

«Біздің тәжірибемізде жұмыссыз қалып, жалақы-кірісі үзілгендіктен төлем қабілетінен айырылғандар жиі кездеседі. Ондайда коллектор да адам ғой, істі насырға шаптырмау үшін кісіні сабырға шақырамыз. Бірақ қарызын төлей алмағандар біздің мазалағанымызға реніш білдіреді. Кейде тіпті, бізге боқтық сөздер айтып, өзімізді қорқытады. «Қазір келіп, быт-шытыңды шығарамын, соққының астына қалдырамын» деп бопсалайды. Бірақ қарызды өндіру – біздің жұмысымыз. Қандай да бір олқылық туындамас үшін кеңсемізге аудио, бейнетіркеуіштерді орнаттық. Барлығын заң жүзінде жүргіземіз», – деді республикалық көшпелі коллекторлық агенттіктің директоры Асхат СҰҢҒАТОВ.     

2017 жылдың мамырынан коллекторлық қызметті реттейтін заң шыққан. Онда оның құқығы мен міндеттері тайға таңба басылғандай жазылған. Коллектор борышкерге күніне үш реттен артық хабарласпауы тиіс. Ал аптасына үш мәрте ғана кездесуге шақыруға рұқсаты бар.

Ұлттық банк жөн-жосықсыз жұмыс істейтін коллекторлық агенттіктердің жұмысын әрі қарай да жіті бақылайды. Шағым түскен жағдайда жазалауға толық қауқары бар. Бірақ бұл коллекторлық қызметті тоқтатады деген сөз емес.

Айта кетейік, бүгінгі күні елімізде 139 коллекторлық агенттік бар екен. Олардың барлығы қарызды өндіріп алу үшін борышкерлермен жұмыс істейді. Алайда, халықтың да қарыз аларда ойланғандары абзал дейді сарапшылар.

Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров