Өркениеттен тыс қалған аудан: бас қаладағы «Байқоңыр» қаңғыбастар мекеніне айналған

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкімдік өкілі тозығы жеткен жол бірер жылда жөнделмейтінін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада бүтіндей бір аудан өркениеттен тыс қалған. Бас қаланың оң жағалауы оң жақта отырып қалған қыз секілді. Бұл аумақта жол, жарық, байланыс деген атымен жоқ. Көбінде әне-міне сүріледі деп қирағалы тұрған апатты үйлер. Амалдары таусылған байқоңырлық бұқара базыналарын кімге айтарын білмей әлек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Астана. Бас қала. Көркі көз жаңылыстырар ғимараттар, зәулім-зәулім сарайлары. Бірақ елордадағы барлық аудан дәл осындай әдемі емес.

«Байқоңыр» деп аталатын бұл аудан халық арасында қаладағы ең криминалды аудан саналып кеткен. Себебі мұнда түнде көшеге шығудың қорқынышты. Бұл – ащы суға тойып алып, көше кезетін кезбелердің жүретін мекені. Халықтың зәре-құтын алған шағынауданды біз де көріп келдік.

Жолдары ойдым-ойдым, жарық шамдары жоқ. Құдды бір өткен заманға тап болғандай боласың. Ескерусіз қалған ескі көше тұрғындарының қала әкімдігіне айтар уәжі көп. Қарашаны қажытқан да осы – жолдың жәйі.

«Жаңбыр жауғанда жүру мүмкін емес. Барлық жер балшық болып кетеді. Кішкентай балалармен жүре алмаймыз, жол жаман», – деді қала тұрғыны Әсел Қарыбаева.

«Жазда топырақ, шаң болып жатады. Терезені ашсақ үйге шаң кіреді. Қыста қармен білінбей кетеді. «Бұл үйлерді сүріледі» деп айтқан, 10 жылдан асты, әлі өзгеріс жоқ», – деді қала тұрғыны Мадина Жұмаева.

Тақтайдай тегіс жолмен қатынауды Асан қайғы көшесінің тұрғындары арман етіп әбден шаршаған. «Өркениеттен артта қалған көрініске өзіміз де, көзіміз де үйреніп кетті» деген тұрғындар базынасын айтып, әкімдікке талай рет бас сұғыпты. Бірақ мәселесі сол күйі шешілмей, қалып қоя береді.

«Біздің шағынауданға жауапты әкімді бір рет те көрмедік. Оны іздеп барғанда орынбасары ғана шықты. Онда да мардымды жауап болмады. Мұндағылардың арызын айтсақ, бізге ашуланып шығады. Құлайын деп тұрған үйлерді қаражат бөлінгенде сүрілетінін айтты. Сонда үйлер жермен жексен болып құлап қалғанша жүреміз бе», – деді қала тұрғыны Нұрлан Еспаев.

Жергілікті биліктің есінен шығып қалған бұл аудан қазір үйсіздердің мекеніне айналған.

«Астананың орталығы. Орталық базар көріп тұрсыздар. Жол нашар болғандықтан, таксилер мұнда келмейді. Балаларға өте қауіпті. Бүкіл Астананың үй-күйсіз жүрген қаңғыбастары осында жүреді», – деді қала тұрғыны Эльмира Дәулетбек.

Әкімдік ақпарынша, биыл Астанада жалпы ұзындығы 54 шақырым 70-тен астам көше жаңартылады. Бірақ тізімге жоғарыда айтқан Асан қайғы көшесі енбей қалыпты. Бұл шаруа аудандағы апатты үйлер сүрілген соң қолға алынады екен.

«Асан қайғы көшесін салуға байланысты сметалық құжаттама әзірлену жоспарланып отыр. Көшедегі сүйлер сүрілгеннен кейін, белгілі болады», – деді Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы Серікболсын Жалғасов

Байқоңырлықтар күткен өркениетті өмір әлі келмейтін көрінеді. Әкімдік өкілі тозығы жеткен жол бірер жылда жөнделмейтінін айтты. 2025 жылға дейін апатты үйлер алынып бітсе, шаруа қолға алынуы мүмкін екен.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров