Автобустардың саны аз. Халық көп жүретін кей көшелердің ойық тесігі көп. Кәріз құбырлары әбден ескірген. Алматы әкімімен кездескен Жетісу ауданы тұрғындары осылай деп шағымданды. Бас-аяғы үш сағатқа жалғасқан басқосуда ел-жұрт емін-еркін сұрағын қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуді 10 минут ерте бастап, белгіленген 2 сағаттан ұзағырақ отырды. Артық 40 минутым бар деген әкім халықтың мұң-мұқтажын соңына дейін тыңдауға тырысты. Келген елдің көкейінде түрлі сауал сайрап жатыр. Бірі қоғамдық көліктің аз екенін айтып шағымданса, біразы кәріз жүйесінің жоқтығына көңілдері толмайтынын жеткізді.
«Бізде 60-шы жылдан бастап кәріз құбыры жоқ. Осы мәселемен келіп отырмын. Мен сол ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы боламын», – деді қала тұрғыны.
«Біз ендігі жылға дайындалып жатырмыз.Бөкейхановаға келеміз. Ендігі жылдан бастаймыз», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде мүгедек бала бағып отырған ана электронды арбаға қол жеткізе алмай жүргенін айтып көпшілік алдында көз жасына ерік берді. Сөзінше, жаңа заң талаптары бойынша кембағалдар өздеріне арбаның ұнағанын таңдауына болады. Дегенмен, бірнеше айдан бері қолы қажетті құралға жетпей жүр екен. Қала әкімі мәселені анықтап, жағдайға байланысты көмектесуге қашанда дайын екенін айтты. Дегенмен, бұл мәселе әкімдіктің құзырына емес, еліміздегі тиісті министрлікке қарайды. Бірақ мамандар қолдан келгенше демеп жөн сілтеді.
«Бұл сұрақ Алматы қалалық әкімдігінің құзырына жатпайды. Ол мекеменің бізге бағынбайтынын айтқым келеді. Дегенмен, қазір осындай мәселелерді шешу үшін еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне тиісті ұсыныстар дайындалып жатыр», – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.
Жиында 150-ге жуық тұрғынға ортақ мәселені айта келдім деген келіншек заңсыз салынған, өрт қауіпсіздігі сақталмайтын дүңгіршіктердің жайын көтерді. Сөзінше, 4 жылдан бері соттың шығарған шешімі орындалмай келеді. Өйткені, ондай жерлерде санитарлық талаптар сақталмайды. Қала әкімі болашақта бұл жұмыс қарқынды жалғасатынын айтты. Алдағы уақытта тізім жасалып, құжаты жоқтардың жолы кесіледі.
«Мәселе жіті бақылауда. Бүгінде қаладағы жұмыс істеуге рұқсаты барлар мен жоқ нысандар тізімі жасалады. Оны мамандар тексеріп жатыр. Кейін полиция департаменті заңсыз жұмыс істеп отырғандарына әкімшілік хаттамалар толтыратын болады. Жауапкершілікке тартамыз», – деді қала әкімі Ерболат Досаев.
Жиында басқарма өкілдері халықпен жеке шығып та мәселелерін шешуге көмектесті. Айта кетейік, бұл қала басшысы Ерболат Досаевтың кезекті кездесуі. Алдағы уақытта мұндай ашық алаң форматындағы отырыс басқа аудандарда да жалғасады.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы