Алматы трагедиясын тергеу мүмкіндігінше ашық және объективті түрде жүргізілуі керек. Депутат Ләззат Сүлеймен Үкімет басшысына жолдаған сауалында осындай өтініш білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның атап өтуінше, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде болған әр факт жіті зерттеліп, тексерілуі қажет. Құқық қорғау органдарына жеткізілген және ұсталған адамдардың қорғалуы және білікті заң көмегін алуы үшін конституциялық құқығы қамтамасыз етілуі керек деді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жауапкершілікті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаны жеңілдету үшін шара қабылдаған жөн» деген пікірімен толық келісеміз. Мемлекеттік құзырлы органдардың қызметі барынша ашық әрі объективті болуы, барлық жайт жасырылмай, ашық айтылуы міндетті. Сонымен қатар, Үкімет қанды қасірет себептері мен салдарына қатысты терең әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп, содырлар соққысы қайталанбайтындай шаралар қамтамасыз етілуі тиіс», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Сүлеймен.
Ал депутат Нұртөре Жүсіп осындай проблеманың туындауына ұлттық идеология мен ұлттық тәрбиені дамытудағы алшақтық әсер етті деген пікірін білдірді. Дегенмен сенаторлар бұл мәселені Үкімет алдында бірнеше рет көтеріп, тіпті осы саладағы жағдайды жақсарту бойынша нақты ұсыныстар жібергенін айтты. Мәселен, өткен жылы Сенатта ұлттық құндылықтарды сақтау және одан әрі ілгерілету мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда проблемалық мәселелер көтеріліп, Үкіметке ұсыныстар берілген.
«Сенат бес құндылықты, атап айтқанда, Тәуелсіздік және тарихи таным, ел мен жер, тіл мен имандылық, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие, білім мен біліктілік мәселесін қазақ қоғамының басты қағидаттары ретінде күн тәртібіне шығарды. Үкіметке, тиісті министрліктерге ұсынымдар берілді. Соның бірде біреуі назарға алынбады. Айтылған сөз айтылған жерде қалды. Сізден сол ұсынымдарға қайта назар аударуды, парламенттік тыңдау материалдарын Үкімет мүшелерінің бәріне таныстыруды және соларды жүзеге асыру үшін шұғыл әрекет етуді талап етемін!», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.