Автобустар ескі: Петропавлда жүргізушілер дау шығарды

14.03.2024 23:49

Қала әкімдігі былтыр қоғамдық көліктерді субсидиялауға 2,7 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті

Almaty.tv

Петропавлда қоғамдық тасымал тығырыққа тіреліп тұр. Өңірде жүргізушілер әкімдікке шағымданып, дау шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавл тұрғындары біраздан бері қоғамдық көліктердің сапасына шағымданып келеді. Автобустарда жылыту мен ауа тазарту жүйелерінің болмауы жолаушылардың жүйкесін жұқартып, жүріп-тұруын қиындатқан көрінеді. Жұрт көліктердің іші лас, кейбір маршруттардың іші қоқысқа толы, ал сасық иіс қолқаны қабады деп ашынады.

– Кейбір маршруттарға кірудің өзі қорқынышты. Әсіресе жазда отырсаң, иістен басың айналады. Іші кір. Одан да діттеген жерге жаяу барған жақсы, – деді қала тұрғыны.

– Барлығын өзгерту керек деп ойлаймын. Ескі автобустардың іші шынымен суық, лас, – деді қала тұрғыны.

Өңірдегі қоғамдық тасымалдың мүшкіл халі жүргізушілерді қатты алаңдатып тұр. Жолаушыларды тасуды күнкөріс еткен Олег Карчагин соңғы уақытта көліктер жиі бұзылып, кешігулер мен кестедегі ауытқулардың айтарлықтай көбейгенін айтып шағымданды.

– Әрине, автобус қажет, ескі автобустардың сапасы сын көтермейді. Жаңартамыз деп уәде беріп жатыр. Бірақ 30 жылда бір рет жаңа автобус алдым, – деді автобус жүргізушісі Олег Карчагин.

Ал тасымалдаушы компаниялар қоғамдық көліктерге бей-жай қараған әкімдікке арызданып отыр. Олардың айтуынша, жергілікті билік тарапынан субсидия бойынша миллиондаған қарыз бар. Қала әкімдігі бірнеше жыл бұрын «лизингке» алынған автобустар үшін тиісті өтемақы төлемеген көрінеді.

– Менің үш кәсіпорным бойынша 400 млн теңге қарызым бар. Ақша өте қажет. Жаңартуға, материалдық-техникалық базаны сақтауға, жалақы төлеуге керек. Олар ақша төлеуден бас тартып, «өткен жылдардағы қарызды өтемейміз» деді. Болжам бойынша, бұрынғы әкім қаражатты дұрыс жұмсамаған, – деді «Петропавл-nord» ЖШС басшысы Болат Рахымов.

Тасымалдаушылар «қарыздан көз ашпаймыз» дейді. Кәсіптері тығырыққа тіреліп, жаңа көлік түгілі, ескісін жөндеуге қаражатты әрең тауып жүр. Ал Петропавл әкімдігі субсидиялау жүйесі кәсіпорындардың шығындарын толық жабуға тиісті емес екенін жеткізді.

– Кәсіпкерлерге субсидия төлеу тоқтатылған жоқ, ол – ең алдымен, мемлекет тарапынан берілетін көмек. Бұл олардың толық шығынын өтеп береді деген сөз емес. Кәсібін өздері дөңгелетуі керек. Шығындарына өздері жауап беруі керек. 2023 жылы белгіленген субсидия бөлінді. Жыл соңына дейін мердігерлерге толық төленеді, – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтұлова.

Қала әкімдігі былтыр қоғамдық көліктерді субсидиялауға 2,7 миллиард теңге бөлінгенін атап өтті. Биыл өтемақы мөлшері өзгермеген. Қалада жолаушылар тасымалына 18 бағытта қызмет көрсететін 8 компания бар.

Әйкерім Пернебек, Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО-дан

Оқи отырыңыз: Қазақстанның 10 аймағына су тасқыны қауіпі төніп тұр