Жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген бақ тек қараша айынан бастап өз келушілерін қабылдайды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал әзірге күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты алматылықтар мен қала қонақтары үшін аталған аумақ жабық болады. Қазір мұнда жұмыстар қыза түскен. Бақта жол, суару жүйесі мен кіреберіс павильондарының құрылысы басталған.
Ботаника және фитоинтродукция институты жаңарған соң, баға саясаты аздаған өзгеріске ұшырауы мүмкін дейді мекеме басшылығы.
Айта кетейік, ботаникалық бақты қайта жаңғырту жұмыстары 2018 жылы басталған болатын. Жобаны жүзеге асыруға қалалық әкімдіктің қолдауымен Болат Өтемұратов қоры ниет білдірген еді.
«Қазір ботаникалық бақта негізгі құрылыс жұмыстары басталды. Ауыр техникалар аумаққа кіргізіліп, келушілердің демалуына кедергі келтіретіні сөзсіз. Сол себепті бақты уақытша жабу туралы шешім қабылданды. Бұл ең алдымен алматылықтардың қауіпсіздігі үшін қолға алынған шара. Уақытша келтірілген қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз. Бірақ қараша айынан бастап жаңарған бақ өзінің келушілерін күтеді», - дейді «Болат Өтемұратов» қорының директоры Марат АЙТМАҒАМБЕТОВ.