Марат Ахметжанов Астана іргесіндегі ауылдарда жарық неге өшетінін айтты

Almaty.tv
Almaty.tv
Әкім бұл мәселені Үкіметтің қаулысы арқылы шешеміз деп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақмола облысының 241 мың адамы Астанада жұмыс істеп жүр. Өңір басшысы Марат Ахметжанов бұл азаматтар облысқа тек түнеуге келетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Агломерацияны жақсарту үшін елордаға жақын елдімекендерде инфрақұрылымды қолға алып жатыр екен. Әкімнің мәліметі бойынша, облыстан Астанаға барып жұмыс істейтін халықтың санын анықтау үшін бір ай бойы зерттеу жүргізілген.

– Кезінде шағын ауыл болған елдімекендерде халық саны артты. Қоянды ауылында 40 мың, Жібек жолында 30 мыңнан астам, Қараөткел мен Талапкерде де 30 мыңнан астам адам тұрады. Қосшыдан ресми санақ бойынша 52 мың адам, шынында 100 мыңнан астам адам тұратынын айттым, – деді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов

Әкім айтқан ауылдар мен қалалар әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Бұл жаққа газ тарту бағытында жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Келесі жылы жұмыс басталады. Ал өңірде жарықтың жиі өшуі тұрғындарды әбден мезі қылған. Оның үстіне электр энергиясы стансалары жекенің қолында. Сәйкесінше, тариф те орталықтан өзгеше. Әкім бұл мәселені Үкіметтің қаулысы арқылы шешеміз деп отыр.

– Бәрі коммуналдық меншікке алынып, тұрғындар жеке тұлға ретінде ортақ тариф бойынша төлейтін болады. Оны біз қазір заңдастыру мәселесімен айналысып жатырмыз. Кейбірін келісімшарт арқылы мемлекет балансына аламыз не болмаса жаңадан станса орнатамыз. Мұндай мәселе Қосшыда да бар. Қолдан жасалған жүйелер. Қатты жел соқса, жарық сөніп қалады. Оны да білеміз. Сондықтан мәселені технология талаптарына сай шешеміз, – деді Марат Ахметжанов.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті қандай

Новости партнеров