Еліміздегі демографиялық көрсеткішті жақсарту үшін көпбалалы аналар мен жас отбасыларға қолдау көрсетуіміз қажет, – дейді Қазақстан Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел. Кандидат Маңғыстау облысына қарасты Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесіп, жергілікті халықты сайлауалды бағдарламасымен тереңірек таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кездесуде үміткер өз тұғырнамасында басымдық берілген бағыттар жайында баяндап, көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
«Үміткердің бағдарламасында көпбалалы аналардың жағдайына қатысты көп жақсы нәрселер айтылған. Біз секілді аналарға қолдау көрсетеміз дейді. Жаңадан құрған отбасылар үшін де қолайлы жағдай жасау да бағдарламада қарастырылған», – деді көпбалалы ана Венера ҚҰТТЫМҰРАТОВА.
Сондай-ақ, Сәдібек Түгел шалғайдағы елдімекендерден өндіріс орындарын ашып, ауылдардың тамырына қан жүгіртуді ұсынып отыр. Яғни, жаңа ауыл өндірісі құрылымын енгізу қажет деп есептейді. Үміткердің айтуынша, бұл бастама өңірлердегі жұмыссыздық мәселесін шешіп, қараусыз қалған елдімекендердің қайта жандануын қамтамасыз етпек.
«Біз тек шикізат шығарумен шектелмей, сол шикізатты өңдейтін зауыт-фабрикалар салуымыз керек, сонда-ақ ауылшаруашылығы өндірісін де дамытуымыз керек. Сонда қалада жұмыс іздеп сабылып жүрген жастар ауылға келер еді. Ауыл – біздің қасиетті жеріміздің қорғаушысы, күтушісі, қорғаны, жанашыры», – деді ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек ТҮГЕЛ.